Матч орталығы
Шацкий мен Литош жоқ: «Шахтер» «Тұранға» қарсы матчта жастарға сенім артады
15 қазан, 19:17

Фото: Шахтер ФК
Қазақстан Премьер-лигасына мерзімінен бұрын шығып қойған «Шахтер» бірінші лиганың 25-туры аясында түркістандық «Тұранға» қарсы өтетін сырт алаңдағы матчқа қосалқы құраммен аттанды.
Қарағандылық клуб өз түлектеріне мүмкіндік беріп, олардың ересектер футболында тәжірибе жинауына жағдай жасап келеді. Команда сапында 21 жастағы Александр Мигунов (1759 минут) пен 19 жастағы Марк Богачев (912 минут) тұрақты түрде ойын уақытын алуда. Сондай-ақ негізгі командада 17 жастағы қорғаушы Нұрали Азатказы 1070 минут ойнап үлгерген.
Басқа да жас футболшылар өз мүмкіндіктерін пайдалануда. Атап айтқанда, 19 жастағы Руслан Белобородый 864 минут, 17 жастағы қақпашы Никита Кильджиев 617 минут, 19 жастағы Роман Асылбаев 471 минут, 18 жастағы Нұрхан Қағазбаев 317 минут ойнап, «Елімай Ж» командасының қақпасына гол соққан. Ал 17 жастағы Ален Пактың еншісінде 205 минут бар. Бұған қоса, 21 жастағы Артем Литош 1845 минут ойнап, команданың үздік сұрмергеніне айналды.
Алайда «Тұранға» қарсы кездесуге Артем Литош, Игорь Шацкий, Андрей Ульшин және Лев Скворцов барған жоқ. Олардың орнына бапкерлер штаб тағы да жас ойыншыларға мүмкіндік бермек. Олардың қатарында QJ League-де өнер көрсететін 17 жастағы Расул Акимов та бар.
«Шахтердің» бас бапкері Андрей Финонченко бұл шешімін былай түсіндірді:
«Қазір клуб жүйесіндегі жас футболшыларға көбірек көңіл бөліп, оларды ойын барысында сынап көруге мүмкіндік туып отыр. Сондықтан «Тұран» секілді мықты қарсыласымен сырт алаңда өтетін матчқа әдеттегіден көбірек жас ойыншыларды алып бардық. Оларға өздерін көрсетуге мүмкіндік бергіміз келеді.
Біз жігіттерімізге сенеміз. Олардың ойын тәжірибесін жинап, өздерінің үздік қабілеттерін көрсетіп, ересектер деңгейінде шыңдалғанын қалаймыз. Мұндай матчтар жас футболшылардың кәсіби тұрғыдан дамуына, келесі қадамды жасауына және негізгі командаға жақындай түсуіне көмектесетініне сенімдімін», – деді Андрей Финонченко.
Бірінші лиганың 25-туры аясындағы «Тұран» мен «Шахтер» арасындағы кездесу 16 қазанда «Түркістан Аренада» өтеді. Бұл матчта турнир кестесінің үшінші және бірінші орындарында тұрған командалар кездеседі.
«Тұран» 51 ұпай жинап, доп айырмасын 52:22 деңгейінде ұстап отыр. Ал «Шахтер» 65 ұпаймен көш бастап келеді. Қарағандылықтар 24 матчтың 21-де жеңіске жетіп, қарсыластар қақпасына 62 гол соқса, өз қақпасына небәрі 8 гол жіберген.
Әлім Динасылов