Матч орталығы
Сәтпаевтың командасында жарақат алғандар азаяр емес: екі негізгі футболшы қатардан шықты
15 қазан, 15:27

Фото: Зеки Амдуни (оң жағында)
«Бернли» клубындағы жарақат мәселесі одан әрі ушықты. Команданың тағы бір ойыншысы Зеки Амдуни жарақатына байланысты ұзақ уақытқа қатардан шықты, деп хабарлайды ASnews.kz BurnleyExpress баслымына сілтеме жасап.
Шабуылшы сейсенбі күні «Чарльтонмен» болған матчқа қатысқан жоқ. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Амдуни бұған дейін демалыс күндері «Уотфордқа» қарсы ойында жарақатына байланысты алаңнан мәжбүрлі түрде кеткен еді.
25 жастағы футболшы сенбі күні 4:0 есебімен аяқталған жеңісті матчта қақпаға соққы жасауға тырысқан сәтте қарсыласпен соқтығысып, тобығынан жарақат алған.
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен соңғы төрт матчта үш гол соққан Амдунидің ұзақ уақыт бойы командаға көмектесе алмайтынын мәлімдеді.
«Зеки төрт-алты апта бойы алаңға шыға алмайды. Команда қайтадан толық құраммен жинала бастағанда, Зеки жарақат алды. Дастан Сәтпаев та өткен матчта ойнай алмады. Әр апта сайын әртүрлі жағдайлар болып жатыр.
Дегенмен, біз жұмысты жалғастырып, бар күшімізді салуымыз керек. Себебі алда бізді жаңа ойын күтіп тұр. Құрамда жарақат алғандар көп. Бір ойыншы қатарға қосылса, екіншісі жарақат алып жатады. Не де болса, осы жағдайға бейімделуіміз қажет», – деді бас бапкер.
Жұма күні «Вулверхэмптонға» қарсы өтетін кездесуде «Бернли» Анель Ахмедходжичтің де көмегіне жүгіне алмауы мүмкін. Қорғаушы «Чарльтонға» қарсы ойынның соңғы минуттарында алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Қазір «Бернли» сапында Бен Амос, Джордан Байер, Башир Хамфрис, Шуранди Самбо, Джош Каллен, Ханнибал, Аарон Рэмзи, Джейдон Банель, Майк Трезор, Эшли Барнс және Майкл Обафеми жарақатына байланысты командаға көмектесе алмайды.
Ернар Ламқадыров