Матч орталығы
«Бізден қорқады»: «Тобыл» бапкері «Астананы» жеңуі мен команданың алға жылжуы жайлы
11 қазан, 08:29

Фото: Мирослав Ромащенко
«Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромащенко ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Астанаға» қарсы өткен матчтың (2:1) қорытындысын шығарды.
– Бірде-бір нағыз шабуылшы жоқ, бірақ соққылар бойынша 16:10...
– Тактикалық тұрғыдан дұрыс ойнадық – тек негізгі құрамды ғана емес, алмастыруларды да айтып отырмын. Матч-менеджмент жоғары деңгейде өтті. Бастапқыда Жұмат пен Талал секілді қос «жалған тоғыздық» өз рөлін атқарады, ал ойынның екінші жартысында Лисакович пен Милованович алаңға шыққан соң басқаша ойнаймыз деп жоспарлағанбыз. Бәрі ойдағыдай іске асты. Қарсылас бұған дайын болмай шықты.
Бұл кездейсоқтық емес, алдын ала құрылған жоспар. Қайталап айтамын, шабуылда жақсы өнер көрсеттік: үш гол соқтық (оның біреуі есептелмеді) және басқа да жақсы сәттер тудыра алдық. Кей жерлерде мүмкіндіктерді пайдалану сәл ғана жетіспей жатады, бірақ бұл біздің баяғыдан келе жатқан мәселеміз.
– «Астана» Ұлттар лигасының циклінен кейін шаршап келген Жагоровқа қысым жасады ма?
– Әрине, құрамаға барып келуі Наурызбекке әсер етті. Мұны жақсы түсіндік, бірақ оған аздап демалуға мүмкіндік беретіндей басқа ойыншы физикалық тұрғыдан жоқ. Осы қапталға салмақ салған қарсыластың шешімі бізге түсінікті.
Наурызбекке кәсіби көзқарасы мен төзімділігі үшін қол шапалақтаймын: ол қысқа уақыт ішінде қаншама матч өткізіп, қаншама рет ұшып-қонды...
– Жазда «Тобыл» үш матчтың екеуінде жеңіліп қалуы мүмкін еді, ал қазір топ-6-дан небәрі екі ұпай ғана қалып келеді. Қостанайлықтар өз ойынын тапты ма?
– Команданың ілгерілеуіне бағаны мен бермеймін – қиялға беріліп кеткен жоқпыз. Бірінші күннен айтып келемін: жігіттер, басында мұнда тым көп қателік жіберілді. Оларды түзету үшін уақыт керек. Біздің неден арылып, неден құтылғанымызды және ақырындап неге қол жеткізіп келе жатқанымызды көріп отырсыздар.
Біріншіден, бұл – жігіттердің, сондай-ақ бапкерлік, әкімшілік және медициналық штаб жұмысының еңбегі. Біз нағыз командаға айналып келеміз және оны келесі маусымға қазірден дайындап жатырмыз. Бізде маңыздырақ міндеттерді шешуге қажетті қасиеттер жеткілікті. «Тобыл» басқа орындарда тұруы тиіс.
Анықтама: Жазда Суперкубок иегерлері қорғаушылар Райан Сенхаджи және Антонио Боршичпен, сондай-ақ шабуылшы Виталий Лисаковичпен келісімшартқа отырған болатын.
– Төрт ай бұрын біз соңғы орыннан бастадық, бірақ соған қарамастан бізден қорқады. Командалардың барлығы дерлік бес қорғаушымен ойнайды. «Астана» «Қайратқа» (1:0) және басқа да мықты клубтарға қарсы құрылымын өзгерткен жоқ еді, ал бұл жолы... Олар Қостанайда бізге қарсы тұрудың қиын екенін түсінеді.
Біз мұны жаттығуда пысықтаймыз. Менталитет біртіндеп өзгеріп келеді. Құрамды күшейткен білікті жаңа ойыншылар да турнирлік кестеде жоғарылауымызға өз үлестерін қосуда. Ойын сапасының қалай өзгергеніне бәрі назар аударады деп үміттенемін, – деді Ромащенко.
Еске салайық, ҚПЛ-дың 28-турындағы матчта «Тобыл» «Астанадан» басым түсті (2:1). Бұған дейін елордалық команда еурокубоктарға қатысушы «Қайратты» жеңген болатын. Осылайша Мирослав Ромащенконың ұжымы турнирлік кестеде жетінші орынға тұрақтады.
Әлишер Аманжол