Матч орталығы
«Ойында да, жүйеде де өзгерістер болады»: Арутюнян – «Мьельбюге» қарсы дайындық туралы
25 қараша, 14:34

Фото: Жора Арутюнян
Алматылық «Қайраттың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Жора Арутюнян матч алдындағы баспасөз мәслихатында УЕФА Конференция лигасы жалпы кезеңінің төртінші туры аясында швециялық «Мьельбюге» қарсы өтетін кездесу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Үй және сырт алаңдағы матчтардың айырмашылығы
«Сырт алаңда ойнау кейде оңайырақ болады. «Аталанта» секілді қарсыластың деңгейін ескерсек, олар қалай болғанда да кей тұста ойынға толықтай бабында шыға бермейді. Осыны пайдаланып кетуге мүмкіндік туды: қорғану, өз голымызды соғу. Тек ойын соңында олар негізгі ойыншыларын алаңға шығарып, бізді қыспаққа алды – матч 1:1 есебімен аяқталды. Үйдегі матчтарда жауапкершілік сезіледі, трибуналар толады, туыстарымыз келеді, сол себепті футболшылар басқаша ойнайды. Алдағы екі ойында мұны түзетуге тырысамыз».
«Қайрат-Жастардан» негізгі командаға ауысу туралы
«Қайрат-Жастарда» жұмыс істегенде басты міндетің – жас футболшыларды бірінші командаға дайындап беру. Негізгі құрамға келгенде маған өте оңай болды, себебі Еркін Тапаловтан басқа қазақстандық әрбір ойыншы «Қайрат-Жастар» арқылы өтті. Біреулерімен балалар немесе ересектер академиясында бірге жұмыс істедік, енді бірі ойын тәжірибесін алу үшін дубльге түсіп тұрды. Жігіттер талаптарды біледі, әрі «Аталантаға» қарсы матчта олардың мықты кәсіпқойлармен бәсекелесе алатынын көрдік».
Чемпионат аяқталғаннан кейінгі ойын тәжірибесінің мәселесі
«Біздің чемпионат аяқталып, ал қарсыластардікі қызып тұрғаны расында да мәселе тудырады. Қазақстанның барлық командалары қазір демалыста, ойнайтын ешкім жоқ – қыркүйекте Қырғызстаннан клубтар келген еді, бірақ оларда да біріншілік аяқталды. Біз екіжақты ойын өткізіп, оны ресми матчқа барынша жақындатуға тырыстық: төрешілерді шақырдық, сары да, қызыл да қағаздар көрсетілді. Кездесу жақсы қарқында өтті, бұл көмектесуі тиіс. Бұдан бөлек, жігіттер өздерін қалай дайындау керектігін біледі, ал «Аталанта» мен құрамалардың үзілісінен кейін бәрінің көзі жанып тұр – команда еурокубоктардың жалпы кезеңінде «Қайрат» үшін тарихи алғашқы жеңіске жетуге жігерленіп отыр».
«Мьельбюге» қарсы матчтағы құрам мен схемадағы өзгерістер туралы
«Бапкерлер штабы үшін үйдегі матчқа дайындықтың сырт алаңдағы ойыннан еш айырмашылығы жоқ – қарсыласты дәл солай талдаймыз. Ертең бәрін көресіздер, бірақ «Аталантамен» болған ойыннан кейін белгілі бір өзгерістер болады – құрамда да, схемада да. Бергамода біз жақсы қорғандық, алайда шабуылда қиын болды. Енді алдыңғы шепте жақсырақ ойнағымыз келеді».
Қарсыластың тығыз қорғанысын бұзу туралы
«Тығыз қорғаныстан өту мәселесі бәрінде бар – «Барселонада» да, «Реалда» да. Бәрі шешім қабылдау сапасына байланысты. Тіпті біз төменгі қорғанысқа отырған кезде «Аталантаның» өзі қиындықтарға тап болды. Бізде тек Жоржиньоның оралуын күтіп отырмыз деген түсінік жоқ – әрине, ол біздің көшбасшымыз, бірақ бұл міндеттерді шешуі тиіс басқа да жігіттер бар».
Келесі еурокубок маусымындағы қазақстандық командалардың әлеуеті
«Неліктен келесі жылы жалпы кезеңде біздің екі ғана командамыз ойнай алады? Неге үш команда емес? Бізде жақсы ұжымдар бар, чемпионат деңгейі өсіп келеді, мұны өткен маусым көрсетті. Жақын болашақта бұл әбден мүмкін. Ал егер күзде еурокубоктарда бірнеше клуб өнер көрсетсе, чемпионат аяқталған соң өзара спаррингтер өткізуге болады».
Еске сала кетейік, «Қайрат» пен «Мьельбю» арасындағы Конференция лигасы жалпы кезеңінің төртінші тур кездесуі бейсенбі, 26 қараша күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Ойын Астана уақытымен 20:30-да басталады.
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Мадияр Бескемпір