Матч орталығы
Қазақстандық қақпашы «Нефтчидің» ұсынысынан бас тартты
30 қаңтар, 16:48

Фото: Азамат Жомартов
30 жастағы қақпашы Азамат Жомартов Қырғызстанның «Нефтчи» клубынан түскен ұсынысты қабылдамады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Кочкор-Ата қаласының командасы «Барс» клубымен бірге чемпион атанған қақпашыны қатарына қосуды жоспарлаған. Алайда Жомартов бұл ұсыныстан бас тартып, мансабын Қазақстанда жалғастыруды көздеп отыр. Ол «Атырау» клубымен келіссөз жүргізген еді.
Соңғы сәтте «мұнайшылар» 2013–2019 жылдары клуб құрылымында болған қақпашыны алудан бас тартты. Оның орнына командаға 25 жастағы Владислав Саенко қосылады деп күтілуде.
Өткен маусымда Азамат Жомартов «Барс» сапында өнер көрсетіп, мансабында алғаш рет чемпион атанды. Бұған дейін ол «Арыс», «Ордабасы» және «Жетысай» клубтарында ойнаған.
Әлім Динасылов