Матч орталығы
Қазақстан құрамасының футболшылары «Ертіске» ауыспайтын болды
12 қаңтар, 15:53

Фото: Ертіс ФК
ASnews.kz сайтының хабарлауынша, павлодарлық «Ертіс» клубында басшылық пен жаттықтырушылар штабы ауысады деп күтілуде.
Жақын арада команданың құрамы айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. «Ертіспен» келісімшартқа қол қоюдан бас тартқандар қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары да бар. Атап айтқанда, қорғаушылар Сұлтанбек Астанов, Темірлан Ерланов және Сағадат Тұрсынбай павлодарлық клубқа қосылмайтын болды.
Дәл осындай жағдай «Ертіске» шақырылған легионерлерге де қатысты. Украина ұлттық құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Евгений Макаренко павлодарлықтардың ұсынысына қарамастан, «Қызылжарға» ауысуды жөн көрді. Ал өзбекстандық вингер Шохбоз Умаров соңғы сәтте «Ертіске» барудан бас тартып, «Бунёдкор» клубымен келісімшартқа отырды.
Бұған дейін жаңа бас бапкер қызметіне «Елімай», «Жеңіс» және «Жетісу» клубтарын жаттықтырған Самат Смақовтың кандидатурасы қарастырылған еді. Алайда оның орнына Беларусь елінің танымал маманы тағайындалмақшы.
Ербол Каиров