Матч орталығы
«Қайрат» жоқ жерден қауіп төндіре алады»: «Панатинаикос» бапкері Конференция лигасының матчы туралы
21 қазан, 17:35

Фото: Якоб Нееструп
Грекиялық «Панатинаикостың» даниялық бас бапкері Якоб Нееструп матч алдындағы баспасөз мәслихатында жаңартылған УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясында алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін ойыннан күтетін үмітімен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Қайратпен» ойнау тәжірибесі және алматылықтардың деңгейі туралы
«Мен үшін бұл соңғы бір жыл ішінде алматылық «Қайратқа» қарсы екінші матч. Ойын алдында сен әрқашан қарсылас команда мен клубты талдайсың. Біздің ертеңгі қарсыласымыз – соңғы 18 айда еуропалық футболда өзін өте жақсы қырынан көрсете білген клуб: Чемпиондар лигасының іріктеуі, жалпы кезең, енді міне, Конференциялар лигасы. Бәлкім, қазір «Қайратқа» чемпионатты жеңіп алу қиынға соғар. Осыдан бір жыл бұрын мен «Копенгагенмен» оларға қарсы ойнаған кезден бері клуб көптеген ойыншыларын өзгертті.
Бүгінгі таңда Еуропада, Грекиядағы сияқты, сен қарсыласыңнан басым түсуің мүмкін, бірақ олар жоқ жерден қауіп төндіруге қабілетті деп санаймын. «Қайраттың» шабуыл шебі шынымен де мықты – Эдмилсон Копенгагендегі кездесуде де құрамда болған, ол мықты шабуылшы. Оларға қарсы агрессивтілік пен жинақылықтың үйлесімі, сондай-ақ бұл футболшыларды тоқтату үшін жоғары деңгейде ойнай алатын қорғаушылар қажет».
Қарсылас ойынындағы өзгерістер туралы
«Оларды әлсіреді дегенмен келіспеймін. Өткен маусымда олар пенальти сериясында «Селтикті» жеңді, ал биылғы маусымда софиялық «Левскимен» өте тартысты екі матч өткізді. Менің ойымша, олардың ойыншыларды ауыстыруы «Қайратты» бұрынғыдан да қауіпті ете түсуі мүмкін. Біз олармен Копенгагенде күздің соңына таман ойнадық. Олар өз алаңында жақсы ойын өрнегін көрсете алады. Олар көшбасшыдан төрт ұпайға қалып келе жатқанына қарамастан, әлі де чемпион атана алады. Соңғы 15-18 айда бапкер мен ойыншылар еуропалық үлкен тәжірибе жинады».
Құрамдағы ротация мен жарақаттар туралы
«Өткен ойыннан кейін бізге қалыпқа келу қажет болды. Менде өте көп жақсы ойыншылар бар және алдағы 10 күн ішінде бізде ротация болуы әбден мүмкін. Мен үшін құрамдағы тұрақтылықты сақтау маңызды. Өткен демалыста біз үш позициядағы ойыншыларды ауыстырған сияқтымыз. Одан да көп ауыстыруымыз мүмкін еді немесе жоқ – оны ешқашан дөп басып айта алмайсың. Мен бұл клубта жаңа бапкермін, маған команданы, ойыншыларды зерттеп, өзімізге қажетті ойын өрнегін сақтай отырып, қанша футболшыны ауыстыра алатынымызды түсіну керек.
Мен өз командама сенемін, көпшілігі талмай еңбек етіп жүр және қазіргіге қарағанда көбірек ойнауға лайық. Бірақ бұл – футбол, құрамдағы бәсекелестік жоғары. Бағымызға орай, командадағы жарақаттар айтарлықтай ауыр емес, ойыншылар чемпионаттағы жексенбілік матчқа оралады. Менің жұмысым – кейбір футболшылардың жоқтығына қарамастан команданы басқару. Мұнда, Алматыда біздің жанкүйерлеріміздің болатыны өте көп көмектеседі – әрине, бұл өз алаңымыз емес, дегенмен де бұл маңызды. Біз мықты еуропалық командаға қарсы ойнаймыз».
УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясындағы «Қайрат» пен «Панатинаикос» арасындағы матч бейсенбі, 22 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады.
Еске салайық, еурокубоктың бірінші турында алматылық клуб сырт алаңда латвиялық «Ригамен» тең түссе (1:1), ал грекиялық ұжым өз алаңында босниялық «Борацты» 2:1 есебімен жеңген болатын.
Әлім Динасылов