Матч орталығы
Иван Башич мансабын Италияда жалғастыруы мүмкін: қызығып отырған клуб белгілі болды
21 қазан, 16:05

Фото: Иван Башич
«Удинезе» «Астананың» жартылай қорғаушысы Иван Башичке қызығушылық танытуда, деп хабарлайды ASnews.kz TuttoUdinese басылымына сілтеме жасап.
«Удинезе» қазір чемпионаттағы ойындарға дайындалып, жеңіске жетуді көздегенімен, клубтың скауттары трансферлік нарықты жіті бақылауын жалғастыруда. Мамандар алдағы трансферлік кезеңде құрамды күшейтуге көмектесетін ойыншыларды әлемнің түкпір-түкпірінен іздестіріп жатыр. Соңғы уақытта «Удинезенің» назарына жартылай қорғаушы Иван Башич түскен.
Ловричтің клубтың алдағы жоспарына кірмей қалуы, сондай-ақ Заррага мен Миллердің бас бапкер Коста Руняич күткен деңгейде өнер көрсете алмауы қаңтар айында команданың жаңа жартылай қорғаушы іздеуіне себеп болып отыр.
Иван Башич — сол аяғымен ойнайтын, бойы 1,78 метрді құрайтын 24 жастағы жартылай қорғаушы. Қазіргі уақытта ол «Астана» клубында өнер көрсетеді. Сонымен қатар Босния және Герцеговина құрамасына тұрақты түрде шақырту алып жүр.
Башичтің басты ерекшелігі — алаңдағы белсенділігі мен техникалық шеберлігін ұштастыра білуі. Ол орталық жартылай қорғаушы ретінде, шабуылдаушы жартылай қорғаушы немесе артқы жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсете алады. Мұндай әмбебаптығы «Удинезенің» тактикалық тұрғыдан икемді ойыншыларға қойып отырған талабына сай келеді.
Босниялық футболшының әлеуеті «Удинезе» басшылығының қызығушылығын арттырып отыр. Жас әрі болашағынан үміт күттіретін ойыншыларға инвестиция салуды көздейтін италиялық клуб алдағы уақытта жартылай қорғаныс шебін күшейту үшін бұл трансферді жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып көреді.
Ернар Ламқадыров