Матч орталығы
«Реалмен» және «Барселонамен» ойнағым келеді»: «Сабахтың» өзбекстандық футболшысы – ЧЛ-ға шығуы туралы
26 тамыз, 02:01

Фото: Умарали Рахмоналиев
Әзербайжандық «Сабахтың» өзбекстандық жартылай қорғаушысы Умарали Рахмоналиев ASnews.kz басылымына берген сұхбатында израильдік «Хапоэльді» жеңгені (5:2) мен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуы туралы айтып берді.
«Қазір не болып жатқанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өте-өте қуаныштымын. Бұл нәтиже біз үшін өте маңызды еді. Бәрі маған соққымның жақсы екенін айтатын – әр матчта доп қақпаға кіріп кете жаздайтын мүмкіндіктер болды. «Орхусқа» қарсы Даниядағы және Бакудегі ойындарда сәттілік теріс айналды. Бүгін бәрі «Қақпаға жиірек соққы жаса!» деді. Мен де бағымды сынап соғуды шештім – құдайға шүкір, гол соғудың сәті түсті.
Чемпиондар лигасында қарсылас ретінде кімді қалаймын? Онда әлсіз командалар болмайды. Әрине, «Реал Мадрид» және «Барселонамен», әсіресе сырт алаңда ойнағым келеді – маған әрбір футболшы осыны армандайтындай көрінеді. Өзбекстан құрамасына шақырту ма? Иә, бұған дейін мені шақырған, бапкер тіпті әлем чемпионатының алдында да шақырту жіберді. Ал «Қарабахқа» келер болсақ – олар туралы айтқым келмейді, өзіміз туралы айтайық. Біз бұл жетістікке лайық болдық және тамаша футбол көрсетіп келеміз», – деді Рахмоналиев.
Бакуде өткен іріктеудің плей-офф раундындағы қарымта кездесу нағыз футбол драмасына айналды. Алғашқы матчта 1:2 есебімен ұтылған «Сабах» өз алаңында керемет мінез көрсетті. Рахмоналиевтің 74-минуттағы голы мен Теллур Муталлимовтың 94-минуттағы дәл соққысы ойынды овертаймға ұластырды. 100-минутта Джибриль Диоп алаңнан қуылғаннан кейін он ойыншымен қалса да, бакулік клуб азшылықта жүріп Орфе Мбина мен Джой-Ленс Микелстің голдарының арқасында қарсыласын бет қаратпай жеңді — 5:2 (жалпы есеп 6:4).
Осы тарихи матчта «Сабахтың» капитандық таңбасын Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов тағып шығып, соңғы шепте толық 120 минут ойнады. Еске сала кетейік, қақпашы ұзақ үзілістен кейін алғаш рет ұлттық құрамаға Ұлттар лигасының күзгі матчтарында Фарер аралдары, Словакия және Молдоваға қарсы ойындарға шақырту алды.
23 жастағы Умарали Рахмоналиев үшін бұл жетістік қуатты іріктеу кампаниясының заңды жалғасы болды: хавбек Чемпиондар лигасының барлық сегіз іріктеу матчында негізгі құрамда алаңға шықты. Бұған дейін БАҚ-та Өзбекстан құрамасының тірек жартылай қорғаушысының жарқын ойыны француздық «Ланс» скауттарының назарын аударғаны хабарланған еді.
Әлім Динасылов