Матч орталығы
Сәтпаевтың клубы ұшып кетуден аман қала ма? «Бернлидің» Чемпионшиптегі қорытынды орнына болжам айтылды
28 қазан, 10:58

Фото: Дастан Сәтпаев
Қазақстандық Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бернли» маусымды сәтсіз бастағанына қарамастан, Чемпионшиптегі орнын сақтап қалады. Мұндай болжамды BETSiE суперкомпьютері жасады, деп хабарлайды ASnews.kz жергілікті Burnley Express басылымына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта «Бернли» терең дағдарыста: команда алғашқы 12 матчта небәрі бір жеңіске жетіп, қауіпті аймақта (төменгі лигаға ұшып кету аймағында) қалып қойды. Өткен демалыс күндері «Линкольн Ситиден» (1:4) ойсырай ұтылуы қызметінде небәрі 106 күн істеген бас бапкер Ники Хайеннің отставкасына алып келді.
Алайда, маусымның қалған бөлігіне 100 мың симуляция жасаған (күнтізбе қиындығын, xG кеңейтілген статистикасын және алдыңғы нәтижелерді ескере отырып) BETSiE суперкомпьютерінің алгоритмдері клубтың аман қалатынын болжап отыр. «Бернли» турнир кестесінің түбінен сәтті шығып, 58,8 ұпай жинап, ортадағы 16-орыннан көрінеді деп күтілуде.
Әрине, бұл басшылық пен жанкүйерлер үшін мінсізден алыс жағдай – маусым алдында клубқа АПЛ-ға тікелей оралу үшін таласады деген болжам жасалған еді. Суперкомпьютердің нұсқасы бойынша, маусым қорытындысында көшбасшылар үштігіне «Вест Хэм», «Мидлсбро» және «Вулверхэмптон» енеді.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев «Бернли» сапына жалға алу құқығымен қосылды. Англияға көшіп барғаннан бері қазақстандық футболшы Чемпионшиптің жеті матчына қатысты, алайда әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алған жоқ.
Ахмет Ержанов