Матч орталығы
«Ешқашан дүрбелеңге түскен емеспін»: Сәтпаевтың «Бернлидегі» бапкері алғашқы жеңісі туралы
12 қазан, 13:44

Фото: Ники Хайен, via Getty Images
Англиялық «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев қатысқан «Уотфордқа» қарсы (4:0) ұзақ күткен сырт алаңдағы жеңіске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бұл табыс команда үшін соңғы 241 күндегі алғашқы жеңіс болды – клуб ақпан айынан бері жеңіске жетпеген еді. Нәтиже «бордо түстілерге» турнирлік кестедегі соңғы орыннан көтерілуге мүмкіндік беріп, бас бапкерге түскен қысымды біршама жеңілдетті.
«Мен барлық еңбекті өзіме тели алмаймын, өйткені бұл небәрі бір ғана жеңіс. Бірақ біздің бапкерлік штаб осы команда үшін дұрыс таңдау екеніне әрдайым сенімді болдым. Ақыры, сегіз айға жуық уақыттан кейін алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Енді бізді сейсенбі күні өз алаңымызда өтетін ойын күтіп тұр, сондықтан өткенге емес, тек алға қарай қараймыз деп үміттенемін», – деді Хайен.
Маусымның сәтсіз басталуына (алғашқы сегiз турда небәрi төрт ұпай) қарамастан, маман сабыр сақтап, үрдіске сенуді жалғастырғанын атап өтті.
«Иә, бұл мен күткендей бастама болмады, бірақ мен ешқашан дүрбелеңге түскен емеспін. Үш рет қатарынан ұтылған соң бұрышқа тығылып қалатын адам емеспін, өйткені күн сайын жұмысқа жаңа позитивті энергиямен келемін. Бұл – алдағы табыстарға негіз бола алатын тамаша жеңіс. Ойыншылар бұл сәттен ләззат алуы тиіс, себебі сегіз ай жеңіссіз жүру – өте ұзақ уақыт», – деп қосты бапкер.
Еске салайық, Чемпионшиптің тоғызыншы турында «Бернли» сырт алаңда «Уотфордты» 4:0 есебімен тас-талқан етті. Жарақатынан айығып қатарға қосылған Дастан Сәтпаев ойынды қосалқы құрамда бастап, 74-минутта алаңға шықты. Кездесу соңында қазақстандық шабуылшы Джейми Вардиге нәтижелі пас берген еді, алайда төреші офсайд тіркеп, гол есепке алынбады. Келесі матчта Сәтпаевтың командасы өз алаңында «Чарльтон Атлетик» клубын қабылдайды.
Дастан Сәтпаев аты аңызға айналған музыкант Элтон Джонның көңілін қалдырды: толығырақ
Ахмет Ержанов