Матч орталығы
Қазақстан құрамасына үміткер ойыншы «Баварияда» көзге түсті
1 қазан, 20:02

Фото: Артур Деграф
«Бавария II» командасының 20 жастағы вингері Артур Деграф неміс аймақтық лигасы аясында «Швабенге» қарсы матчқа қатысты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Баварияның» қосалқы командасының қаптал шабуылшысы чемпионаттың 11-туры аясындағы «Швабенге» қарсы ойында 45 минут өнер көрсетті. Кездесудің 89-минутында қазақстандық тамыры бар футболшы қорғаушы Давид Хайндльге нәтижелі пас беріп, ол есепті теңестірді – 3:3.
Қосымша уақытта мюнхендіктер тағы бір гол соғып, жеңісті жұлып алды да, турнирлік кестеде 10-орынға көтерілді. Олардың құрамы – лигадағы ең жас команда (орташа жасы 19,9).
Еске сала кетейік, Артур Деграф – Қазақстанның Қарағанды және Абай облыстарынан көшіп барған неміс репатрианттарының ұлы. Вингер «Баварияның» фарм-клубына 2025 жылдың шілдесінде «Ульмнен» ауысып келген. Ересектер деңгейіндегі 29 матчта ол үш гол соғып, сегіз нәтижелі пас берген.
Әлишер Аманжол