Матч орталығы
Чесноков дебюттік ойында төмен баға алды
23 тамыз, 16:58

Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноков ресейлік «Крылья Советов» сапындағы алғашқы ресми матчын өткізді.
Қазақстандық футболшы РПЛ-дің бесінші турындағы «Акронға» қарсы кездесуді негізгі құрамда бастады. Ойынның 54-минутында сары қағаз алған Чесноков арада 10 минут өткен соң алаңнан ауыстырылды.
Opta аналитикалық порталының мәліметінше, 26 жастағы футболшы 5.8 бағасын алды — бұл өз командасының құрамындағы ең төмен көрсеткіш. Дәл осындай көрсеткішті «Крыльяның» жартылай қорғаушысы Максим Витюгов алды.
Самарлық клуб Никита Чернов, Доминик Ороз және Владислав Шитовтың соққан голдарының арқасында 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Чесноков «Крылья Советов» сапына қостанайлық «Тобылдан» жалға алу негізінде ауысты. Бұл – осы күнтізбелік жылдағы футболшының үшінші клубы.
2026 жылдың алғашқы бес айын қазақстандық вингер «Хартс» сапында өткізіп, бұл клубпен бірге Шотландия чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.
Әлім Динасылов