Матч орталығы
«Бұл – бапкердің жеңілісі»: Шалекенов Қазақстан құрамасының Молдовадан ұтылуы туралы
14 қараша, 19:37

Фото: Джон ван ’т Схип
«Ақтөбе» мен Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы қорғаушысы Санат Шалекенов ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық команданың Ұлттар лигасы аясындағы Молдоваға қарсы матчындағы (1:2) жеңілісінің себебін түсіндірді.
«Менің ойымша, бұл – бас бапкердің жеңілісі. Қолда бар үздік футболшыларды шақыру – жұмыстың бір бөлігі ғана. Екіншісі – олардың мықты жақтарын пайдаланып, нәтижеге қол жеткізетіндей етіп ойынды құру. Бұл матчта бізге тек жеңіс қажет еді, сондықтан батылырақ әрекет етіп, тәуекелге бару керек еді деп есептеймін. Мен 4-3-3 схемасын қарастырар едім. Қарсыласты жоғарырақ қарсы алып, ұйымдасқан түрде прессинг жасап, алдыңғы шепте көбірек қысым көрсету қажет болатын.
Киім ауыстыратын бөлмеде не айтылғанын білмеймін, бірақ алаңнан мұндай маңызды кездесуде күткен көңіл-күйді көре алмадым. Жігіттердің де жауапкершілігі бар, алайда команданы дайындау, серпін беру және ойынды уақытында өзгерту – ең алдымен бапкердің міндеті. Сондықтан менің негізгі сұрақтарым дәл оған бағытталған», – деді Шалекенов.
Еске сала кетейік, Кишиневтегі кездесу Молдова құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Алаң иелері сапында Петру Попеску дубль авторы атанса, қазақстандықтардың сапынан жалғыз голды Ислам Чесноков соқты. Бұл жеңіліс Джон ван ’т Схип шәкірттерін Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырды. Топтық кезеңнің соңғы матчын команда 16 қараша күні «Астана Аренада» Словакия құрамасына қарсы өткізеді.
Санат Шалекенов – «Тобыл» сапында Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ «Ақтөбеде» ойнап, басқарма төрағасы қызметін атқарған.
Әлишер Аманжол