Матч орталығы
«Вильярреал» шабуылшысы: Қазақстан Ресейді жеңген кезде ерекше сезімде болдым
12 қазан, 16:55

Фото: Сәлім Хасанов
«Вильярреал» академиясының 16 жастағы шабуылшысы Сәлім Хасанов ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-17) өткен оқу-жаттығу жиынын қорытындылады.
«Өте жақсы әрі пайдалы жиын болды: Өзбекстан мен Ресейге қарсы екі ойыннан өткіздік. Бәріміз әртүрлі клубтан жиналғандықтан, осылайша өзара байланыс орната алдық. Бапкерлер штабымен де тез тіл табыстық. Біреумен тамаша дуэт құра алдым ба? Шынымды айтсам, командадағы әрбір серіктесіммен ойнау бір ғанибет болды. Барлығының деңгейі жоғары, сондықтан нақты есімдерді атамай-ақ қояйын», – деді сол қапталдағы вингер.
Сонымен қатар, алматылық «Қайраттың» түлегі солтүстік көршіден қайтарған қарымта матчқа ерекше тоқталды:
«Біз алаңға әрқашан ерекше құлшыныспен шығамыз. Бірақ Ресейден пенальти сериясында жеңілгеннен кейін, бапкерлер қажетті өзгерістер енгізіп, келесі жолы жеңіске жетуімізге жағдай жасады. Алмасқаннан кейін қосалқы құрам орындығына отырғанымда, жігіттеріміз екінші допты соқты. Сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деп қосты Хасанов.
Еске салайық, Қазақстан мен Өзбекстанның 17 жасқа дейінгі құрамалары Шымкентте өткен жолдастық кездесулерде кезек-кезек жеңіске жеткен еді (екеуі де пенальти сериясында – 5:4, 3:4). Ал Ресеймен алғашқы ойында Русланжан Райымбакиевтің шәкірттері 11 метрлік соққылар сериясында есе жіберсе (6:7), қарымта матчтың негізгі уақытында басым түсті (2:1).
Айта кетейік, бұл циклде Сәлім Хасанов екі гол соқты. Жас қапталдағы шабуылшы испаниялық «Вильярреалға» өткен жылы ауысқан болатын.
Әлишер Аманжол