Матч орталығы
Қазақстан құрамасының нәтижесі үшін ойнады ма? Самородов Фарерге қарсы алаңға шықпауы керек еді
11 қазан, 19:45

Фото: Максим Самородов
Грозныйлық «Ахматтың» бас бапкері Станислав Черчесов Қазақстан құрамасы штабының әрекетіне ашық наразылық білдірді. Маманның айтуынша, шабуылшы Максим Самородов ұлттық құрама матчтарында ауыр жарақатпен алаңға шыққан.
Ресей премьер-лигасының оныншы турындағы калининградтық «Балтикаға» қарсы өз алаңындағы матч алдында (бұл ойынның өтініміне қазақстандық шабуылшы күтілгендей енген жоқ) Черчесов өз шәкірттерінің физикалық жағдайына пікір білдірді.
«Барлығы азды-көпті жақсы бабында оралған сияқты. Тек Самородов қана ойынды жіберіп алады. Жарақаты кем дегенде үш апта емделуді қажет етсе де, оған қандай себеппен ойнауға рұқсат бергенін білмеймін. Кеше оған МРТ жасаттық, дәрігерлеріміз жауап беруі тиіс мәселе бар екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда ол дайындалып жатқан жоқ. Қалғандары жарақатсыз келді. Біреуі көбірек, біреуі азырақ ойнады, бірақ бәрінің көңіл-күйі жақсы», – деді ресейлік маман Matchtv.ru сайтына.
Айта кетейік, ASnews.kz редакциясы Ұлттар лигасының Фарер аралдарына қарсы алғашқы сырт алаңдағы матчынан (1:1) кейін-ақ шабуылшы жарақатының ауыр екенін хабарлаған болатын. Ол жарақатты 17 қыркүйекте клубында жүріп алған еді. Фарерге сапарды және Кошицедегі Словакиямен ойынды (29 қыркүйек) жіберіп алған Самородов турнирдің шешуші үй матчтарына – Молдова (2 қазан) мен сол Фарерге (6 қазан) қарсы ойындарға дейін қалпына келіп үлгермейді деп күтілген.
Самородов Ұлттар лигасының үйдегі матчтарына қатыса алмауы мүмкін: толығырақ
Алайда ұлттық құрама шабуыл көшбасшысының алаңға оралуын тездетуді ұйғарған сияқты. Ұлттар лигасында қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін бапкерлер мен медициналық штаб саналы түрде тәуекелге баруы әбден мүмкін, ал Самородовтың өзіне ауырсынуды басатын екпемен ойнауға тура келген сыңайлы. Бұл ақыр соңында жағдайды ушықтырып, Грозныйдағылардың наразылығын тудырды. Ойынша Фарер аралдарына қарсы ойында (2:2) толық ойын өткізді.
Еске салайық, 24 жастағы Максим Самородов биылғы маусымда «Ахмат» сапында он матч өткізіп, бір гол соқты және екі нәтижелі пас берді.
Әлім Динасылов