Матч орталығы
Фарер аралдарының көшбасшысы Қазақстанмен өтетін матчты жіберіп алады: себебі ерекше
4 қазан, 20:12

Фото: Адриан Юстинуссен
Фарер аралдары құрамасының шабуылшысы Адриан Юстинуссен ұшақпен ұшудан қорқатындықтан, Ұлттар лигасы аясында Қазақстанмен болатын алдағы матчта ойнамайды, деп хабарлайды ASnews.kz фарерлік Roysni.fo басылымына сілтеме жасап.
Дисквалификацияға ұшыраған қорғаушы Андриас Эдмундссоннан бөлек, Астанада аралдық құрамаға жақында Словакияға қарсы матчта гол соққан ойыншы да көмектесе алмайды. Фарер аралдарының футбол федерациясы хабарлағандай, Юстинуссен аэрофобияға шалдыққандықтан, өзін ұзақ рейстен босатуды сұраған. Бапкерлер штабы шабуылшының өтінішін қанағаттандырып, сол себепті ол командамен бірге ұшқан жоқ.
Жастық шағында Юстинуссен ұшудан қорқатындықтан халықаралық ойындарды жиі жіберіп алатын. Содан бері форвард бұл мәселемен жұмыс істеді, алайда ағымдағы турнир аясында Молдоваға жасалған ұзақ сапар оған өте ауыр тиген.
Фарер аралдары Қазақстанға жету үшін 15 сағат ұшып келді. Осы қиындықтарды ескере отырып, Юстинуссен ойынға қатысудан бас тартты. Қазіргі уақытта команда құрамында 23 футболшы қалды.
Қазақстан мен Фарер аралдары құрамалары арасындағы УЕФА Ұлттар лигасының матчы 6 қазанда Астанада өтеді. Қазіргі таңда Джон ван ’т Схип командасы бір ұпаймен С3 тобының турнир кестесінде соңғы орында келеді. Алдыңғы турда фарерліктер өз алаңында Словакиямен (1:1) тең түсті, бұл нәтижеге дәл осы Адриан Юстинуссеннің дәл соққысының арқасында қол жеткізген еді.
Әлім Динасылов