Матч орталығы
«Әдемі гол соқты»: Владимир Вайсс Қазақстан құрамасының ойынын бағалады
30 қыркүйек, 12:46

Фото: Қазақстан ұлттық құрамасы
Словакия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс Қазақстан ұлттық құрамасын жеңгеннен кейінгі пікірімен бөлісіп, Рамазан Кәрімовтің соққан голын ерекше атап өтті, деп хабарлайды ASnews.kz Sport.sk сайтына сілтеме жасап.
«Ауыр матч болды. Біз Қазақстанның жақсы дайындалғанын көрдік. Оларда жылдам ойыншылар бар және қарымта шабуылдары өте қауіпті. Біз кейбір гол соғатын сәттерді жете бағаламадық. Бір моментте Суслов 2:0 жасауы керек еді, бұлай салғырттық танытуға болмайды, мұндай сәттерде матчтың тағдырын шешу қажет.
Орталық алаңда біз үш рет допқа таласта есе жібергеннен кейін Қазақстан тоғыздыққа бағытталған ғажап соққымен әдемі гол соқты. Содан кейін біз біраз қиналдық, бірақ бағымызға орай стандарт көмектесті, Ханцконың алыс бағанада ойнайтын Құдай берген дарыны бар. Ол матчтың нүктесін қойды, сондықтан біз қуаныштымыз. Ертең демалып, Фарер аралдарына аттанамыз», – деді словакиялық маман.
Кошицеде өткен Ұлттар лигасының С дивизионындағы екінші тур кездесуі алаң иелерінің 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Қазақстандық команда сапынан жалғыз голдың авторы 35-минутта айып алаңының сыртынан соққы жасап көзге түскен Рамазан Кәрімов болды. Джон ван ’т Схиптің шәкірттері келесі матчты 2 қазанда Молдова құрамасына қарсы өткізсе, словакиялық ұжым Фарер аралдарына қонаққа барады.
Ахмет Ержанов