Матч орталығы
ФИФА әр федерацияға берілетін қаржы көлемін ұлғайтпақ: ҚФФ жыл сайын 10 миллион доллардан алуы мүмкін
29 қыркүйек, 11:25

Фото: Джанни Инфантино
ФИФА президенті Джанни Инфантино ұйымға мүше 211 футбол қауымдастығына бөлінетін қаржылық төлемдерді айтарлықтай арттыруға дайын екенін жеткізді. ФИФА кеңесі қосымша қаржы бөлу мәселесін 15 қазанда өтетін отырыста қарауы мүмкін.
Дүйсенбі күні алты құрлықтық конфедерация президенттеріне жолдаған хатында Инфантино «жыл сайын бөлінетін қаржының ең жоғары деңгейін» қолдайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол қазіргі уақытта талқыланып жатқан қаржы көлемдерінің ешқайсысы әлі бекітілмегенін атап өтті.
Инфантино әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін сату арқылы футболға қосымша қаражат тартуды көздеген екен. Алайда бұл ұсынысқа көптеген елдер мен конфедерациялар қарсы шықты.
Қыркүйек айында УЕФА президенті Александер Чеферин мен КОНКАКАФ басшысы Виктор Монтальяни ФИФА-ға мүше әр қауымдастыққа 2027–2030 жылдар аралығында 10 миллион доллардан бөлуді ұсынған.
Кейін Инфантино олардың бұл ұсынысына келісіп, кемінде соған ұқсас көлемде қаржы бөлуді қолдауға дайын екенін жеткізді.
Қыркүйек айының басында ФИФА Инфантиноның наурыз айында президенттікке қайта сайлану үшін кандидатурасын ұсынатынын растады. Бұған дейін әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарын жеке инвесторларға сату жоспары тоқтатылып, ФИФА осы шешімге байланысты сынға ұшыраған болатын.
Соған қарамастан, 2034 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын Сауд Арабиясы, сондай-ақ Африка футбол конфедерациясы (CAF) мен Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (CONMEBOL) Инфантиноны алдағы сайлауда қолдайтынын мәлімдеді.
Ернар Ламқадыров