Матч орталығы
«Қазақстан бірінші орын үшін таласа алады»: сарапшы Ұлттар лигасындағы құраманың мүмкіндігін бағалады
26 қыркүйек, 17:09

Фото: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Белгілі қазақстандық бапкер әрі сарапшы Дмитрий Огай ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы Фарер аралдарына қарсы алғашқы матчынан күтетін үміттерімен бөлісіп, команданың кадрлық шығындарына пікір білдірді.
Маманның пікірінше, қазақстандықтардың топтағы көшбасшылық үшін таласуға күші жетеді, бірақ басты рөлді дәл бүгінгі матч атқармақ.
«Әрине, бірінші орын үшін неге таласпасқа? Айқын фаворит – көптеген футболшылары мықты шетелдік клубтарда ойнайтын Словакия құрамасы. Бірақ бізде осы топта барынша сәтті өнер көрсетуге мүмкіндік бар. Бізде Бельгиямен тең ойнаған кездегідей мысалдар бар. Барлығы жарыстың басталуына байланысты болады. Фарер аралдарына қарсы бүгінгі матч – өте маңызды. Оң нәтижеге қол жеткізсек, бұл футболшылар мен бапкерлер штабына сенімділік ұялатады. Барлығы сәтті болады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Огай.
Сондай-ақ сарапшы Максим Самородов, Ислам Чесноков және Дастан Сәтпаевтың жарақаттары құраманың шабуылдау әлеуетін айтарлықтай әлсірететінін мойындады, алайда ішкі резервтерді іздеуге шақырды.
«Олардың жоқтығы шабуылдағы ойынға әсер ететінімен келісемін. Бұл команда ойынына үлкен ықпал еткен футболшылар. Өкінішке қарай, футболда жарақат алғандар немесе бабында емес ойыншылар болатын мұндай сәттер жиі кездеседі. Кадрларды іштен іздеу керек. Біреуге өзін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Бізде ойнайтын жігіттер бар деп үміттенемін. Ғалымжан Кенжебек пен Рамазан Кәрімов өздерін жақсы қырынан көрсете алады».
Огай алдағы ойынға негізгі қақпашыны таңдауға қатысты жаңа бас бапкер Джон ван 'т Схипке тікелей кеңес беруден қалыс қалды:
«Қақпашыны таңдауға келер болсақ, мен оған пікір білдіре алмаймын, маған бірдеңе айту қиын, өйткені бұл – ұлттық құраманың бас бапкерінің құзыретіндегі шаруа. Оның таңдауы бар: Покатилов, Заруцкий, Шайзада және Анарбеков. Шешімді бапкерлер штабы қабылдайды».
Еске сала кетейік, Ұлттар лигасының С дивизионындағы бірінші тур аясындағы Фарер аралдары мен Қазақстан құрамалары арасындағы матч бүгін, 26 қыркүйекте Торсхавнда өтеді. Ойын Астана уақытымен 21:00-де басталады. Бұған дейін түрлі жарақаттар мен шеттетілулерге байланысты құрама шабуыл шебіндегі көшбасшылары – Максим Самородов, Ислам Чесноков және Дастан Сәтпаевтан айырылған болатын.
Әлім Динасылов