Матч орталығы
«Қазақстанды менсінбеуге болмайды»: АПЛ-дың словакиялық экс-қорғаушысы – Ұлттар лигасының матчы туралы
22 қыркүйек, 14:52

Фото: Любомир Михалик
Алматылық «Қайрат» пен Словакия құрамасының бұрынғы орталық қорғаушысы Любомир Михалик ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Словакия және Қазақстан арасындағы Ұлттар лигасының алдағы матчы жайлы пікірімен бөлісті.
«2022 жылғы нәтижелер бізге Қазақстанды менсінбеуге болмайтынын еске салады. Словакияның бұл матчта жеңіске жететіндей әлеуеті бар, бірақ оңай болмайтыны анық. Өткен кездесулерімізбен салыстырғанда басты артықшылықтарымыздың бірі – бапкеріміз Владимир Вайсс болуы мүмкін. Ол Қазақстанда жұмыс істеді және бұл елдің футболын өте жақсы біледі, сондықтан бұл тәжірибе оған команданы дайындауға көмектесетініне сенемін. Дегенмен, түптеп келгенде, футболшылар бәрін алаңда дәлелдеуі керек», – деді Михалик.
Маман сондай-ақ Словакияның топта жеңіске жету мүмкіндігін бағалап, Молдоваға қарсы өтетін алдыңғы ойынның маңыздылығын атап өтті.
«Иә, Словакия топта жеңіске жетіп, В лигасына көтеріле алатынына сенемін. Бұл матчтардың алдында біздің жақтан сенімді мәлімдемелер айтылды, сол сөздерді алаңда іспен дәлелдейміз деп үміттенемін. Алайда құр сөз бізге ұпай әкелмейді. Әр қарсыласты құрметтеп, концентрацияны жоғалтпай, тұрақты түрде ұпай жинау керек.
Қазақстанмен кездескенге дейін біз әлі Молдовамен ойнауымыз керек. Сол матчтағы нәтиже де, ойынымыздың сапасы да Кошицедегі кездесуге қандай сенімділікпен баратынымызға әсер етуі мүмкін. Жақсы дайындаламыз деп үміттенемін, бірақ мен оңай жеңіс күтпейтінім анық. Қазақстан 2022 жылы бізді екі рет ұтты, сондықтан біз оларды төмен бағаламаймыз», – деп қорытындылады бұрынғы ойыншы.
Любомир Словакия ұлттық құрамасы сапында сегіз матч өткізіп, екі гол соққан.
2013–2014 жылдары Михалик алматылық «Қайраттың» намысын қорғады. Қазақстандық клуб сапында ол 52 матч өткізіп, бір гол соқты және екі нәтижелі пас берді, сондай-ақ 2014 жылғы маусымда Қазақстан кубогының иегері атанды.
Футболшы мансабының айтарлықтай бөлігін Англияда өткізіп, «Болтон», «Лидс», «Карлайл Юнайтед» және «Портсмут» клубтарында өнер көрсетті. Словакияда ол ДАК 1904, «Середь» және басқа да бірқатар командаларда ойнады.
Бүгінде Любомир Михалик словакиялық «ВиОн» клубының бапкерлер штабында қарсыластарды зерттеу жөніндегі сарапшы болып жұмыс істейді.
Словакия Қазақстанға қарсы матч алдында тәжірибелі ойыншысынан айырылды
Әлім Динасылов