Матч орталығы
«Әркім өз елінің намысын қорғағысы келеді»: «Оқжетпестің» көшбасшысы – ұлттық құрамаға шақырту алу мүмкіндігі жайлы
8 тамыз, 11:04

Фото: Владислав Васильев
Көкшетаулық «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Владислав Васильев ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ҚПЛ-дың 20-турында өскемендік «Алтайды» ірі есеппен (4:1) жеңгені туралы пікір білдіріп, ұлттық құрамадағы келешегі жайлы айтты.
«Киім ауыстыратын бөлмеге кетердегі гол өте қатты көмектесті»
«Ауыр бірінші тайм болды, бірақ киім ауыстыратын бөлмеге кетерде соққан голымыз өте қатты көмектесті! Екінші таймда ойын тізгінін өз қолымызға алып, басымдықты арттырып, кездесуді жеңіске дейін жеткізе алдық. Жеңілу қашан да жағымсыз, әсіресе әрбір ойын финалға бергісіз қазіргі жағдайымызда. Өткен ойынды бірден талдап, бапкерлер штабы қателіктерімізді көрсетті, содан кейін «Алтаймен» өтетін кездесуге толық дайын болып шықтық», – деді Васильев.
Қазақстан ұлттық құрамасы туралы
«Ал ұлттық құрамадан шақыртуды кімнен күтеміз, әлі бапкер жоқ қой (жымиды)? Ал егер шын мәнінде айтсақ түрде айтсақ, кез келген футболшының өз елі үшін өнер көрсеткісі келеді деп ойлаймын, мен де солардың бірімін. Қыркүйекте түпкілікті тізімді білетін боламыз», – деп қосты футболшы.
«Алтайға» қарсы ойында Владислав Васильев командасы соққан төрт голдың үшеуіне қатысты: оның еншісінде бірінші таймның қосымша уақытында тоғыздыққа алыстан бағыттаған соққысы мен екі нәтижелі пасы бар.
Жалпы осы маусымда Васильевтің еншісінде барлық жарыстағы 22 матчта үш гол және алты нәтижелі пас бар.
Осы ірі жеңістің арқасында «Оқжетпес» 33 ұпай жинап, ҚПЛ жарыс кестесінде үшінші орынға көтерілді. Көкшетаулықтар келесі матчын 9 тамызда сырт алаңда елордалық «Астанаға» қарсы өткізеді.
Еске сала кетейік, таяуда Қазақстан ұлттық құрамасын нидерландық маман Джон ван ’т Схип басқарған болатын.
Әлім Динасылов