Матч орталығы
ҚПЛ-дың африкалық футболшысы «Челси» аңызымен ұқсастығы туралы айтты
28 қараша, 11:14

Фото: Артур Буньон
Жезқазғандық «Ұлытау» жартылай қорғаушысы Артур Буньон ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Челси» мен «Реал Мадридтің» бұрынғы футболшысы Клод Макелелемен салыстыруларға пікір білдірді.
– Көпшілік біле бермейді, бірақ сен допты тартып алу саны бойынша ҚПЛ-дың үздік үштігіндесің (156). Әрдайым осындай табанды болдың ба? Клод Макелеледен бірдеңе үйренуге тырыстың ба?
– Рақмет, мұндай теңеуді есту қуанышты (күледі). Көпшілігі Макелелемен салыстырып жатады, бұл мен үшін үлкен мәртебе. Дегенмен, шынымды айтсам, мен жай ғана өз футболымды ойнаймын және күн сайын қателіктеріммен жұмыс істеуге тырысамын.
Өз басымды ғана көрсеткім келмейді – бұл бүкіл «Ұлытау» үшін керемет маусым болды. Тек оған өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бізден ешкім ерекше ештеңе күтпейтінін жақсы түсіндік.
Еске сала кетейік, өткен маусымда Нұркен Мазбаев жаттықтыратын команда премьер-лига кестесінде тоғызыншы орынға тұрақтады.
26 жастағы Артур Буньон 27 матч өткізіп, бір гол және екі нәтижелі пас авторы атанды. Сондай-ақ камерундық футболшы допты қайтарып алу саны бойынша үздік 20 ойыншының қатарына енді. Бұған дейін ол қарағандылық «Шахтер» сапында өнер көрсеткен.
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Әлишер Аманжол