Матч орталығы
«Бұл – біздің максимумымыз»: «Сабах» бапкері – «Барселонадан» жеңілуі туралы
26 қараша, 07:03

Фото: Валдас Дамбраускас
Әзербайжандық «Сабахтың» бас бапкері Валдас Дамбраускас УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің бесінші туры аясында испаниялық «Барселонадан» өз алаңында ұтылған (1:4) матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Бәрі біз күткендей өтті деуге болады. Әрине, ойын қиынға соқты, әлемдегі ең үздік командалардың бірімен кездестік және мен өз футболшыларымды мақтан тұтамын. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық деп ойлаймын. Матч алдында айтқанымдай, біз өміріміздегі ең үздік ойынды өткізіп, 100 пайыздан да артық күш салуымыз мүмкін, бірақ мұның өзі жеткіліксіз болып қалуы ықтимал. Дәл солай болды да.
Уақыттың басым бөлігінде біз жинақы әрі тәртіпті ойнадық, не істеу керектігін білдік – алғашқы жіберіп алған голға дейін дәл осылай жалғасты. Тіпті голдан кейін де ойын жоспарымызға деген сенімділік сақталды. Стандартты жағдайларда қауіп төндірдік, бірнеше мүмкіндік жасадық. Алайда бірінші таймның соңғы он минуты өте ауыр тиді, өйткені шаршаңқылық біліне бастады. «Барселона» допты бір-екі жанасумен жылжытады, ал ойыншылары үнемі қозғалыста жүреді. Бұл тек физикалық қана емес, орасан зор менталды күш-жігерді де талап етеді.
Ал екінші таймда болған жағдай бізге байланысты емес еді. «Барселонаның» 0:2 есебімен ұтылып жатып, он минуттың ішінде үш-төрт гол соғып, камбэк жасағанын талай көргенсіздер. Біз олардың дәл осындай қарқынынан қауіптенген едік. Олар сегіз-тоғыз минуттың ішінде үш гол соқты. Бұл біздің көңіл-күйімізге кері әсер етті, бірақ мен ойыншыларыммен мақтанамын – олар берілмеді, күресті жалғастырып, гол соқты және тағы бірнеше сәт ұйымдастырды. Бүгінгі таңдағы біздің максимумымыз – осы», – деді Дамбраускас.
Еске сала кетейік, Бакуде өткен кездесу «Барселонаның» 4:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. «Сабах» сапында команда капитаны әрі Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов алаңда толық 90 минут өткізіп, тоғыз сейв жасады.
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Әлім Динасылов