«ҚПЛ ұлттық құрамадан мықтырақ»: Йонсен – Қазақстан, Әмір және Сәтпаев туралы

10 қараша, 14:22

«ҚПЛ ұлттық құрамадан мықтырақ»: Йонсен – Қазақстан, Әмір және Сәтпаев туралы

Фото: Бьорн Йонсен

2026 жылғы футбол маусымының қорытындысы бойынша «Ордабасы» шабуылшысы Бьорн Йонсен клубпен бірге алтын дубль жасап, бірден үш жеке номинацияда жеңіске жетті. Бар-жоғы 20 матчта 17 гол соғып, бес нәтижелі пас берген норвегиялық ойыншы ҚПЛ-дың үздік сұрмергені, шабуылшысы және үздік ойыншысы атанды.

ASnews.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында норвегиялық легионер:

  • қазақстандық лиганың Грузия лигасынан қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді;

  • біздің чемпионатқа қандай ереженің жетіспейтінін айтты;

  • және Жасұлан Әмір мен Дастан Сәтпаевқа өз кеңесімен бөлісті.

«Астанадан» ұсыныс болған»

– «Ордабасыға» келмес бұрын қазақстандық футбол туралы не білдіңіз? Өзіңізге кезінде «Астанадан» да ұсыныс түскен екен. Ол қашан болды және неліктен келісім жүзеге аспады?

– Нақты қай жылы екені есімде жоқ. «Астанада» ойнаған бір досым болды, біз нидерландылық АЗ сапында бірге өнер көрсеткен едік. Басында ол жалға берілді, кейін «Астана» сатып алды. Оныншы нөмірде ойнаған Дорин Ротариу, Томасовпен бірге жүрген. Олар чемпионатты жеңіп, Еуропа лигасында «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойнады – бұл 2019 жыл болатын. Мен ол кезде АЗ құрамында аз ойнадым, сол кезде «Астана» маған да, Доринге де ұсыныс жасады. Дорин кетті, ал мен қалдым. Кейін «Русенборгқа» жалға кетіп, одан әрі Кореяға ауыстым.

– Ал Қазақстанның өзі туралы не білетін едіңіз?

– Алматыны, қаланың өзі туралы аздап білдім, Астананы да естігем. Еуропада Астана туралы бәрі айтатын: «Айдалада Дубайға айналып келе жатқан қала» дейтін. Ештеңе жоқ жерден – гүрс етіп қала пайда болды. Сіздерде елорданың аты бірнеше рет ауысты ғой. Адамдар мұны медиадан көреді, сондай-ақ Қазақстан тарихынан Жібек жолы туралы бәрі біледі. Жалпы мен тарихты жақсы көремін, бұл тұрғыда мен кішкене «ботаникпін».

«ҚПЛ ұлттық құрамадан мықтырақ»

– Осыдан екі жыл бұрын сіз норвегиялық БАҚ-қа Грузия футболы туралы: «Мұндағы жағдай Жабайы Батыс сияқты – ешқандай ереже жоқ, сәл ескі Кеңес Одағына ұқсайды» деген едіңіз. Енді Қазақстанда жарты маусым ойнадыңыз. Мұнда да солай ма, әлде басқаша ма?

– Мүлдем басқаша. Грузия құрамасы қазір ғажайып дүниелер жасап жатыр: Еуропа чемпионатында ойнады, әлем чемпионатына шығуға шақ қалды, әрі әлемдік деңгейдегі ойыншылары бар, оларды бәрі таниды. Бірақ лигасы ұлттық құрамамен бір деңгейде емес. Грузия лигасына келетін ойыншылар құрамада ойнайтындар емес. Бүкіл құрама Грузиядан тыс жерде өнер көрсетеді: лиганың ішінен тек бір ғана ойыншы, қателеспесем, «Диланың» қақпашысы бар. 25 ойыншының біреуі ғана. Қалғандары шетелде.

Ал Қазақстанда лига қазіргі уақытта ұлттық құрамаларыңыздан мықтырақ шығар. Неге? Өйткені ойыншылар осында. Футболшыларыңыздың көпшілігі осында, олар ешқайда кетпеген.

Мұнда футболдың танымал болып келе жатқаны соншалық, көптеген адамдар оған күш салуда. Ел президенті, клуб қожайындары, коммерцияландыру үрдісі – бәрі дұрыс бағытта келе жатыр, мен дәл осы уақытта осында болғанымды мақтан тұтамын. Жаңа стадиондар, инфрақұрылым, академиялар салынып жатыр – лиганы бұрынғыдан да жақсарта түсетін көңілге жағымды дүниелер өте көп. Сіздерде нәтиже бар: «Астана» мен «Шахтер» Еуропада ойнады, енді «Қайрат» шықты. Келесі жылы «Ордабасы» да шығады деп үміттенемін. Бұл эволюция қазіргі Грузия лигасының деңгейінен әлдеқайда жоғары. Біз Еуропаның мықты 20 лигасының қатарына кіре аламыз деп үміттенемін – бұл қазіргі жақсы мақсат және біз оған жетеміз.

Бьорн Йонсен

– Қазақстан Грузияның жетістігін қайталау жолында дұрыс бағытта келе жатыр деп айтуға бола ма? Біздің ойыншылар да шетелге кете бастады, құрама... әзірге бәрі емес, әрине. Бірақ біз дұрыс жолдамыз ба?

– Егер болашақ туралы айтатын болсақ – сіздер нақты дұрыс жолдасыздар. Мен Нидерландыдан келген ұлттық құрама бапкері Ван'т Схипті білемін, ол жақсы маман. Сондай-ақ сіздерде еуропалық идеяларды лигаға да, ұлттық құрамаға да енгізуге тырысып жатқан федерацияның бас хатшысы бар. Бұл лиганы, федерацияны, Қазақстандағы футболдың айналасындағы барлық нәрсені құруға арналған оң мүмкіндіктер.

Менің достарым «Астанада», оған дейін Қазақстанда ойнаған, олар үнемі лига мен сіздердің қай бағытта бара жатқандарыңыз туралы тек жақсы пікір айтатын. Қазір бұл лиганың алтын ғасыры болуы мүмкін: жаңа телеқұқықтар, командалар жыл сайын еурокубоктерге шығады, әр команда мықты.

Иә, «Тобыл» үшін бұл жыл сәтсіз болғаны түсінікті. «Елімай» үшін де, «Ақтөбе» үшін де нашар жыл шығар. Бірақ бұлар әдетте чемпиондыққа таласатын командалар. Ойлап көріңізші – чемпион кім болатыны соңғы турларда шешіледі. Көп лигаларда бұлай бола бермейді. «Аякс» лиганы аяқталуға он тур қалғанда жеңіп алады. Немесе ПСЖ, я болмаса «Селтик». Кім жеңетінін алдын ала біліп отырсаң, қарау қызық емес. Ал мұнда маусымның соңғы матчына дейін бір команданың жеңуі немесе жеңілуі мүмкін екендігі сақталады. Міне, футбол деген осы – жақсы бәсекелестік туралы. Лиганың даму бағыты керемет.

Ал ұлттық құрама – алдағы он жылда міндетті түрде өз орнын табады. Сіздерде қазірдің өзінде топ-ойыншылар бар: біреуі «Бернлиде», екеуі Ресейде ойнайды. Мен біздің академиядағы жастарды көріп жүрмін. Бақдияр Әбен ғой деймін? Ол 19-да. Керемет ойыншы, бірақ ол туралы ешкім білмейді. Сіздерде болашақ бар. Жақында жарқ етіп шығатындар бар – Әмір, Эльхан Астанов. Көпшілігі Еуропада, жоғары деңгейдегі командаларға қарсы ойнауға мүмкіндік алуы керек. Бұл олардың бойындағы ең мықты қасиеттерін ашады.

«Ең бастысы – жастарға мүмкіндік беру»

– Бұл лиганы байыппен қабылдау үшін оған не жетіспейді – алаңдар, инфрақұрылым ба, әлде бапкерлер ме?

– Екі нәрсе. Біріншісін мен Кореяда үйрендім. Корея әрқашан да әлем чемпионатына шығады және оларда бір ереже бар: клубта 22 жасқа дейінгі ойыншы ойнауы тиіс. Мен Кореяда бірге ойнаған негізгі құрам ойыншыларының дерлік барлығы қазір Еуропада өнер көрсетеді. Сол 22 жастағылар ойнап жүр. Неге десеңіз, оларда мүмкіндік болды, олар бірінші командада ойнады. Клубтар оларды 20, 21 жасында көріп, алып кетеді. Бұл жастарға көзге түсуге және дамуға мүмкіндік береді, сөйтіп көпшілігі шетелге кетеді. Міне, осы ереже пайдалы болуы мүмкін. Бұл жай ғана менің пікірім, біреу осылай істеуге міндетті дегім келмейді.

Екіншісі – инфрақұрылым, және бұл қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр, ол сезіледі. Мен осында келгенде мұндайды күткен жоқпын. ҚФФ президенті, федерация және біздің клуб президентінің жасап жатқаны – ғажап дүние. Лиганы жоғары деңгейге көтеру амбициясы бар. Стадиондар: апта сайын қараймын – жаңа стадион, мынаны салады, ананы жасайды. Ақтөбеде стадион салынуда, біздікі де салынып жатыр. Алдағы екі-үш жылда айырмашылық орасан зор болады.

Ал академияларға келсек… ең бастысы осы. Жастарға мүмкіндік беру керек, өйткені ойыншыларыңыз жақсы. Әмірге қараңызшы – керемет ойыншы. Қазір ол мүмкіндік алып жатыр, бірақ алмай қалуы да мүмкін еді ғой, мен ол үшін қатты қуаныштымын. Бірақ ол шетелге кетіп, басқа елде ойнап, өзін жоғары деңгейде көрсете білуі керек – қазір сіздер үшін Сәтпаевтың істеп жатқаны сияқты. Шетелге кетіп, өзін көрсететін мұндай ойыншылар көбірек болуы тиіс. Бұл клубтар скаутингпен айналысуы керек, ал біздің лига – жас жігіттерге мүмкіндік беруі қажет. Бұл сіздердің ұлттық құрамаларыңызға көмектеседі. Орасан зор көмек болады.

«Әмірге қадам жасау керек»

– Жасұлан Әмір туралы айтсақ – оның Еуропаға кету мүмкіндігі қандай және қай елге барғаны дұрыс? Оның ағылшын тілі қалай? Өзі тіл үйреніп жүрмін деген еді.

– Ол ағылшын тілін оқып, менімен тәжірибе жасап жүр. Ол үшін ең бастысы – қолынан келетініне сену. Менің мансабыма қарасақ, мен дәл осылай өттім. Оның орнында болсам, оған қадам жасау керек дер едім. Бір сатыдан екіншісіне бірден секіріп өту жақсы деп ойламаймын. Сәтпаевқа қараңыздаршы. Ол «Челсиге» кетті, бірақ «Челсиде» ойнап жүрген жоқ. Неге? Оған сезініп, бейімделу үшін сәл төменірек деңгейде ойнау керек. Сонда келесі жолы «Челсиге» оралғанда, ол дайын болады. Сіздер маусымалды матчтарды көрдіңіздер ғой – ол сол жерде ойнайтындай жақсы болды, бірақ ол апта сайын ойнамайды. Ал оған апта сайын алаңға шығу қажет.

Жасұлан Әмір

Сондықтан Әмір үшін мынадай нұсқа болуы мүмкін: үлкен клубпен келісімшартқа отырып, бірақ жалға кетіп ойнау. Көпшілігі алғашқы қадам ретінде Нидерландыға, Бельгияға немесе Чемпионшипке барады. Бұл үйрену үшін, содан кейін үлкен командаларға қадам жасау үшін жақсы деңгейлер. Әмір «Наполи» немесе кез келген осындай командаларда ойнауға қабілетті – нақты айта аламын. Бірақ ол жас, оған ұсақ-түйектерді үйрену керек. Оны тек ойында ғана үйренесің, жаттығуда үйрене алмайсың. Жоғары деңгейде ойнап үйрену қажет. Міне, осы алғашқы қадам.

Оған бұған дейін кетуге ұсыныстар түскен. Ол кезде бұл клуб үшін ең жақсы нұсқа болмады, өйткені бізге чемпионатты жеңу керек еді. Бірақ келесі жылы оған шетелге кетіп, өзінің әлеуетіндегі ойыншыға айналуға мүмкіндік болады деп үміттенемін.

Дастан Сәтпаев туралы

– Түсінуімше, сіз Сәтпаевтың ойынын көрдіңіз. Не ойлайсыз және оған қандай ақыл айтар едіңіз? Ол Чемпионшипке 18 жасында ауысты. Сіз шотланд лигасында болдыңыз – әрине, дәл сондай емес шығар, бірақ ұқсастықтары бар.

– Англияда барлық мәселе – қысымда. Онда адамдар футболмен өмір сүреді: дүйсенбіден жұмаға дейін барлық әңгіме сенбі немесе жексенбіде не болатыны туралы. Бірақ оның ойынына қарап, өте кәсіби жігіт екенін аңғардым. Ол Аустралияда ойнаған кезде мен «Челсидің» матчтарын көрдім және менің ойымша, ол «Челсиде» ойнауы керек. Мәселе оның сапасының жоқтығында емес. Ол жай ғана өзіне сенуі керек: «Бернлиде» өзін көрсете алатынына және келесі жылы «Челсиде» ойнайтынына бек сенім болуы керек.

Бірақ «Челсиде» ойыншылар тым көп. Ол үшін орын жоқ екені көрініп тұр. Эдегорда да дәл осындай жағдай болды: ол жігіт 16 жасында «Реал Мадридке» келді, бәрі ол ойнайды деп айтқан. Тіпті оны бір рет Роналдудың орнына алмасуға шығарды. Содан кейін не болды? Ол сол күйі ойнап кете алмады. Жеткілікті деңгейде мықты болмағаны үшін емес, орын болмағандықтан. Кімді алып тастау керек? Жылына 200 миллион алатын ойыншыны алып тастау мүмкін емес. Футбол бизнесін және өз мүмкіндігіңді түсіну қажет.

Эдегор да солай істеді: жалға кетті, Нидерландыға бірнеше рет барды. Оның әртүрлі клубтарда ойнауға мүмкіндігі болды, қазір ол өз клубын тауып, «Арсеналда» жүр. Сондықтан Сәтпаев, бәлкім, бұл оның да жолы екенін түсінуі керек. Мүмкін, ол бір-екі рет жалға кетіп, тәжірибе жинап, содан кейін жоғары деңгейде ойнайтын өз клубын табатын шығар. Бұл Қазақстан құрамасы үшін де жақсырақ болады.

Дастан Сәтпаев

Еске салсақ, «Ордабасы» 68 ұпай жинап, «Қайратты» үш ұпайға артта қалдырып, 2026 жылғы ҚПЛ жеңімпазы атанды. Ал 7 қарашада Түркістанда өткен Қазақстан кубогының финалында шымкенттіктер «Қайсарды» 4:1 есебімен тас-талқан етіп, алтын дубль жасады.

Айта кетейік, Бьорн Йонсен «Ордабасыға» 2026 жылдың маусым айында ауысып келіп, барлық додада 20 матчта 17 гол соғып, бес голдық бес берді. Осылайша ол чемпионаттың үздік сұрмергені (14 гол) әрі үздік ойыншысы атанды. Сұрмергендер бәйгесінде 12 голмен екінші орынды «Қайраттан» Марк Гуаль және «Тобылдан» Урош Милованович бөлісті.

Басты жаңалықтар

ҚПЛ  10 қараша, 15:38

Чемпиондық пен Кубок та көндірмеді: Андрей Мартин «Ордабасыда» не істеп үлгерді

1
ҚПЛ  10 қараша, 14:22

«ҚПЛ ұлттық құрамадан мықтырақ»: Йонсен – Қазақстан, Әмір және Сәтпаев туралы

2
ҚПЛ  10 қараша, 12:12

«Ертісті» кім басқарады: павлодарлықтардың үш жаңа демеушісі туралы не белгілі

3
Халықаралық футбол  10 қараша, 10:01

«Қайраттың» экс-ойыншысы британиялық клуб бас бапкері атанды

4
Еурокубоктар  10 қараша, 08:37

УЕФА қазақстандық футболшының шебер ойынына тәнті болды (видео)

5
Халықаралық футбол  9 қараша, 20:58

«Ұшып кетпеуіміз керек»: Сәтпаевтың «Бернлидегі» бапкері команданың жағдайы туралы айтты

6
Барлық жаңалықтар

Турнирлік кесте

Қазақстан Премьер-Лигасы
#
Команда
О
Ж
Т
Ұ
+/-
Ұпай
1
ОрдабасыОрдабасы
30
21
5
4
36
68
2
ҚайратҚайрат
30
19
8
3
37
65
3
АстанаАстана
30
15
9
6
17
54
4
ОқжетпесОқжетпес
30
16
6
8
11
54
5
АқтөбеАқтөбе
30
14
7
9
8
49
6
ЕлімайЕлімай
30
12
9
9
-1
45
7
ТобылТобыл
30
12
5
13
0
41
8
ЖеңісЖеңіс
30
9
9
12
-8
36
9
ҰлытауҰлытау
30
9
8
13
-11
35
10
ҚызылжарҚызылжар
30
9
6
15
-11
33
11
КаспийКаспий
30
9
6
15
-12
33
12
ЕртісЕртіс
30
8
8
14
-13
32
13
АтырауАтырау
30
6
12
12
-8
30
14
АлтайАлтай
30
6
10
14
-11
28
15
ЖетісуЖетісу
30
6
9
15
-18
27
16
ҚайсарҚайсар
30
4
13
13
-16
25