Матч орталығы
Айбек Қабылша: «Жеңіс» «Қайсардан» Кубокты «беруді» сұрады
8 қараша, 13:37

Фото: «Жеңіс» ФК
Қызылордалық «Қайсардың» директорының кеңесшісі Айбек Қабылша Nursultan Qurman YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан кубогы аясында елордалық «Жеңіспен» болған ойынға қатысты қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
– Тараған қауесеттерге нүкте қояйық. Оның бірі «Қайсардың» ұшып кетуіне бірден-бір себептердің бірі – Кубокта «Жеңісті» ұшып жіберу. Осыған байланысты сіздің пікіріңіз. «Жеңіс» «бізге Кубокты бере салыңдар, соңғы турда сендермен соғыспаймыз» деп сұрады деседі.
– Бұны маған өткенде «Жеңіс» клубының басшыларының бірімен сөйлескенде өздері де айтты.
– Айдын Қожахмет пе? («Жеңіс» клубының атқарушы директоры – еск.)
– Иә, «Кубокты бізге беріңдер, соңғы турда бізбен кездесесіңдер, маңызды үш ұпай бар» деген тұрғыдағы әңгіме болды. Былай қарасаң, мен де ойлаймын, Қазақстан Кубогының финалына қарағанда, премьер-лигада қалғаным әлдеқайда жақсы еді. Бірақ, менен бұлай ешкім сұраған жоқ. Ана жақта қандай келісім болғанын да білмеймін. Бірақ менен солай сұраса, беруге дайын болатын едім. «Қайсар» финалға тамыз айында шықты, бірақ біз ол кезде соңғы орында тұрған жоқпыз. «Жетісу», «Алтай», «Ертіс», «Каспий» бізден кейін тұрды. Менің ойыма ондай нәрсе келмеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қазақстан кубогының жартылай финалында «Қайсар» екі матчтың қорытындысы бойынша «Жеңісті» (өз алаңында 3:1, сыртта 2:3) қапы қалдырып, финалға жолдама алған болатын. Алайда, ҚПЛ-дың шешуші 30-турында қызылордалықтар дәл осы елордалық ұжымға 1:2 есебімен жол беріп, чемпионатта қалу мүмкіндігінен біржола айырылды.
Маусым қорытындысы бойынша «Қайсар» 30 матчта 25 ұпай жинап, 16-орынмен бірінші лигаға түсіп қалды. Оған қоса, команда кубок финалында «Ордабасыдан» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды.
Ахмет Ержанов