Матч орталығы
Ромащенко «Тобыл» жанкүйерлеріне үндеу жасады: осы үшін кешірім сұраймын
1 қараша, 10:21

Фото: Мирослав Ромащенко
«Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромащенко ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Ақтөбеден» ұтылғаннан (2:3) кейін қостанайлық команданың жанкүйерлеріне үндеу жасады.
– Сіздің футболшыларыңыз қалыпсыз жағдайларда қауіпті ойнады, бірақ «Тобыл» жүз пайыздық мүмкіндіктерді мүлт жіберді. Бұл мәселені қалай шешпексіз? Трансферлік кезеңде алмастыратын ойыншы іздеп, түбегейлі шараларға бару ғана қала ма?
– Бір жағынан, жеткілікті деңгейде қауіпті сәттер тудырып жатқанымыз қуантады. Дегенмен бүгін олар аздау болды – алаңның сапасы әсер етті. Сіздікі жөн, өйткені соғылған гол ғана емес, басқа да бірқатар шабуылдарымыз жақсы өрбіді. Тек шабуылды голмен аяқтайтын логикалық нүкте жетіспеді. Біз мүмкіндіктерді жүзеге асыру бойынша үнемі жұмыс істейміз. Бұл элементті жаттығудан жаттығуға дейін жетілдіре түсу қажет. Ал жаңа ойыншыларды алуға келсек, әзірше асықпай-ақ қояйық. Алдымен дем басу керек, содан кейін басшылықпен сөйлесеміз. Келесі маусымды және бәсекеге қабілетті болу үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі талқылаймыз.
– Маусым барысында сіз бірде-бір көлемді сұхбат бермедіңіз, бірақ өзіңіз мойындағандай, жанкүйерлерге айтар сөзіңіз бар еді. Ендеше, соларға үндеу жасасақ.
– «Тобылға» келген алғашқы күннен бастап керемет қолдауды сезіндім. Жанкүйерлер тарапынан ерекше атмосфера лебі есіп тұрады. Әрине, әркім өз командасының жиірек жеңіске жеткенін қалайды. Сондықтан, тіпті сәтсіз матчтар мен ұпай жоғалтқан күндері де жанкүйерлердің сырт қалмай, қолдау көрсеткені көп нәрсені білдіреді. Бүкіл чемпионат бойы көрсеткен көмектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Клубпен бірге болу үшін қиын жолдарды еңсергендеріңіз үшін рақмет. Біз жігіттерге сіздерге барынша алғыс білдіруді үнемі тапсырамыз. Сондықтан, егер кейде олай істеу мүмкін болмай жатса, мен кешірім сұраймын. Бұл өте маңызды екіжақты байланыс.
Еске салайық, ҚПЛ-дың 30-турындағы матч «Ақтөбенің» жеңісімен аяқталды. Урош Милованович пен Жаслан Жұмашевтың голдарына Артур Шушеначев, Иван Ордец және Темірлан Ерланов жауап қатты. Осылайша «Тобыл» 41 ұпаймен турнир кестесінде жетінші орынмен мәреге жетті.
Айта кетейік, кездесуге аз қалғанда 52 жастағы Мирослав Ромащенко клубпен жаңа келісімшарт жасасқан болатын. Оның жетекшілігімен 30 ойында қостанайлықтар 14 жеңіске жетіп, төрт рет тең түсті және 12 рет ұтылды.
Әлишер Аманжол