Матч орталығы
«Қайта оралғаныма қуаныштымын»: «Ордабасының» экс-ойыншысы Шымкенттегі тең ойын туралы
25 қазан, 11:12

Фото: Владислав Наумец
Елордалық «Жеңістің» украиналық вингері Владислав Наумец ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ҚПЛ-дың 29-туры аясында бұрынғы командасы шымкенттік «Ордабасыға» қарсы өткен матчқа (1:1) қатысты пікір білдірді.
«Шымкентте әрдайым жылы сезімде боламын. Мен барлық жігіттерді, қаланы сағындым, мұндағы атмосфера керемет болды. Бұл жерге қайта оралу маған өте жағымды әсер сыйлады», – деді ол.
Бұл ойында «Ордабасының» чемпиондықты мерзімінен бұрын рәсімдеу мүмкіндігіне байланысты матчқа дайындық ерекше болды ма деген сұраққа жауап берген Наумец елордалық ұжымның кәсіби көзқарасын баса айтты:
«Жоқ, біз басқа ойындардағыдай әдеттегі қалыпта дайындалдық. Олардың чемпион атанғысы келетінін білдік, бірақ біз де жеңіске жетуді қаладық, бізге ұпай ауадай қажет. Бұл – футбол, ал футболда кез келген жағдай болуы мүмкін».
Еске салайық, 48-минутта Ги-Марселен Килиама өз қақпасына гол соғып алды, ал 69-минутта Жасұлан Әмір алаңнан қуылғаннан кейін шымкенттіктер 10 адаммен қалды. Алайда 70-минутта Эльхан Астановтың голының арқасында «Ордабасы» есепті теңестіре алды.
Айта кетейік, «Ордабасы» 68 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде көш бастап тұр. Еншісінде 33 ұпайы бар «Жеңіс» чемпионаттың тоғызыншы сатысына жайғасқан.
Владислав Наумец «Жеңіске» «Ордабасыдан» 2026 жылдың маусым айында еркін агент мәртебесінде ауысты. Оған дейін украиналық легионер 2025 жылы шымкенттіктер сапында өнер көрсеткен болатын.
Әлім Динасылов