«Жүйкесі мықты команда чемпион атанады»: «Ордабасы» хавбегі ҚПЛ-дағы алтын үшін күресті АПЛ-мен салыстырды
2 тамыз, 23:22

Фото: Тидиан Кейта
«Ордабасының» франциялық жартылай қорғаушысы Тидиан Кейта ASnews.kz басылымына берген сұхбатында «Тобылды» жеңген матчын (2:0) қорытындылап, өз командасының чемпиондыққа мүмкіндігін бағалады.
«Бүгін біз агрессивтірек ойнағымыз келді, өйткені бұл – келесі матчтардағы жеңістің басты кілті. Команда көптеген мүмкіндіктер жасады, сондықтан ойынымызды жақсартудағы келесі қадам – голды ертерек соғып, нәтижені матч соңына дейін-ақ қамтамасыз ету.
Чемпиондық жарысқа келсек, өткен маусымда біз Англияда осыған ұқсас соңғы шешуші сәттерді көріп едік. Чемпионатты жүйкесі мықты әрі қиын сәттерді жақсы еңсеретін команда жеңіп алады. Ол клуб біз боламыз деп үміттенемін», – деді Кейта.
Шымкенттік «Ордабасы» ҚПЛ-дың 20-турындағы басты матчта «Тобылды» 2:0 есебімен сенімді түрде ұтып, турнирлік кестедегі бірінші орнына қайта оралды.
Алаң иелері толық басымдыққа ие болып, 19-минутта Астановтың соққысымен есеп ашты, ал матч соңында Сергей Малый есепті еселей түсті. Қонақтар 77-минутта Наурызбек Жагоровтың алаңнан қуылғанына байланысты ойынды он ойыншымен аяқтады.
Мәреге 10 тур қалғанда шымкенттіктер 46 ұпай жинап, өткізілген матчтар саны тең жағдайда «Қайраттан» (45 ұпай) озып кетті.
«Қазақтар Еуропаға ұмтылуы керек»: Кейта – «Ордабасыға» ауысуы, Лига 1 және Әмір туралы
Әлім Динасылов