Матч орталығы
«Панатинаикосты» құрметтейміз, бірақ одан қорықпаймыз»: Уразбахтин – Конференция лигасы мен ҚПЛ-дағы күрес туралы
21 қазан, 13:44

Фото: Рафаэль Уразбахтин
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин матч алдындағы баспасөз мәслихатында жаңартылған УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясында грекиялық «Панатинаикосқа» қарсы өтетін үйдегі ойыннан күтетін үмітімен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Матчтарға дайындық пен ҚПЛ және еурокубоктар арасындағы айырмашылық туралы
«Біз басынан БАҚ-та әр матчқа бөлек дайындалатынымызды және оларды еурокубок немесе чемпионат деп бөлмейтінімізді айтқанбыз. Әр ойынға барынша дайындаламыз. Жігіттер еурокубоктық матчтарға көбірек назар аударатын шығар, өйткені ол жердегі атмосфера басқаша. Біз үнемі бір турнирден екіншісіне ауыса білу керек екенін айтып отырамыз. Тек еурокубоктық кездесулерге ғана назар аудару деген болмауы керек. Босаңсуға және бұл турнирлерді бөліп-жаруға болмайды. Чемпионат матчтары болып жатқанда, бұл туралы көбірек айтамыз. Ал еурокубоктар басталғанда – жігіттерді ерекше қайраудың қажеті жоқ, олардың барынша жинақы әрі зейінді екені бірден байқалады».
Команданың физикалық жағдайы
«Мұнда аса ешқандай құпия жоқ. Біріншіден, жігіттер – кәсіпқой ойыншылар және өз жұмыстарын соған сай атқаруға тырысады. Оған қоса, біз соңғы уақытта, яғни соңғы екі жылда еурокубоктарда тұрақты ойнап жүрміз. Бұған дейін жыл сайынғы қатысуымызбен мақтана алмайтын едік. Мұндай әрбір сәтті бағалау керек. Жігіттер мұны түсінеді және мықты қарсыластарға қарсы өздерін көрсеткісі келеді. Бізде шаршау бар екені сөзсіз, бірақ бәрі жақсы болып, жеңіске жетіп жатқанда тезірек қалпыңа келесің әрі сол шаршауды аса байқамайсың. Өткен жылы біз Чемпиондар лигасында ойнадық, белгілі бір тәжірибеміз бар. Егер өткен маусымда екі-үш күн сайын ойналатын матчтар бізге қиынға соқса, биыл мұндай кестеге көбірек бейімделдік. Жігіттер жүктемені жеңілірек көтереді».
«Панатинаикос» пен қарсыластың бас бапкері туралы
«Иә, біз Якоб Нееструптың командасына қарсы Чемпиондар лигасында ол «Копенгагенді» жаттықтырған кезде ойнағанбыз. Бұл – прессинг жасағанды, заманауи футбол ойнағанды және допқа көбірек иелік еткенді жақсы көретін, өз идеялары бар заманауи бапкер. Біз оның алдыңғы командасы мен «Панатинаикосты» салыстырып көрдік. Ойын сәл өзгерген: бұл жерде олар доппен көбірек жұмыс істейді, схема өзгерді. Менің ойымша, әрбір бапкер дамиды, ал оның ойыны футболшылардың деңгейіне қарай түрленіп отырады.
Клубтың тарихы құрметтеуге тұрарлық, «Панатинаикос» – Грекияда өте танымал клуб. Онда жақсы, жоғары деңгейдегі ойыншылар жиналғанын түсінеміз және осының бәріне баға береміз. Бірақ кез келген қарсыласпен ойнауға болады, оның үстіне біз өз алаңымызда ойнаймыз. Негізгі міндетіміз – ешкімнен қорықпау. Біз қарсыласты құрметтейміз, бірақ одан қорықпаймыз. Батыл, тәртіпті ойнап, өз мүмкіндіктерімізді пайдаланғымыз келеді».
Алдағы матчтың тактикасы туралы
«Мәселе біздің үш орталық қорғаушымен ойнау-ойнамауымызда деп ойламаймын. Нақты қарсыласты қарастырып, дәл қазіргі уақытта жақсы эмоционалды және физикалық жағдайда тұрған ойыншыларды алаңға шығару керек. Қазір біздің дәл қалай ойнайтынымызды айтпаймын. Ертең бәрін өздеріңіз көресіздер».
УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясындағы «Қайрат» пен «Панатинаикос» арасындағы матч бейсенбі, 22 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады.
Еске салайық, еурокубоктың бірінші турында алматылық клуб сырт алаңда латвиялық «Ригамен» тең түссе (1:1), ал грекиялық ұжым өз алаңында босниялық «Борацты» 2:1 есебімен жеңген болатын.
Әлім Динасылов