Матч орталығы
«Тең түсуіміз де мүмкін еді»: Покатилов Чемпиондар лигасындағы «Боруссияға» қарсы матч туралы
21 қазан, 00:48

Фото: Стас Покатилов. Автор: Әлихан Қайроллаев
Қазақстан ұлттық құрамасы мен әзербайжандық «Сабахтың» қақпашысы Стас Покатилов ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда дортмундтық «Боруссияға» қарсы өткен ауыр матчтан (1:2) кейінгі әсерімен бөлісті.
«Қазір ешқандай эмоция да, күш те қалмады. Кем дегенде жеңілмеуді қатты қаладық және бұған мүмкіндіктер де болды деп санаймын. Бірақ «Боруссия» – бұл мүлдем басқа деңгей, ол «Славия» емес. Дебютанттар үшін біз бәрібір лайықты ойнап, әсіресе алғашқы минуттардан бастап жақсы ойын өрнегін көрсеттік деп ойлаймын. Біз осы бағытымыздан таймаймыз», – деп атап өтті Покатилов.
Чехиялық командаға қарсы матчта Покатилов жоғары баға алып, Чемпиондар лигасының аптаның үздіктер құрамасына енген болатын. Алайда футболшының өзі жеке жетістікке байыппен қарайды:
«Кейбір ойындарда команда аутсайдер саналғанда, қорғаушылар мен қорғаныстағы ойыншыларға, яғни қақпашыға өзін көрсету оңайырақ. Мен бұған баса назар аудара бермеймін. Әрине, осындай ойындар өткізіп жүргеніңді мойындаған кезде көңілге қуаныш ұялайды, бірақ кейін бұл сезім басылады. Ең алдымен, команданың нәтижесі маңызды, содан кейін ғана жеке жетістік тұрады».
Сондай-ақ 33 жастағы қақпашы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсету Қазақстаннан шыққан футболшы үшін нені білдіретіні туралы ой қозғады:
«Бұл – 100 пайыз арман. Оны ауладан бастап футбол ойнап жүрген қазақстандық балалар үшін үлгі деуге болады. Бұл армандардың орындалатынын және бәрі де мүмкін екенін көрсететін дәлел. Осындай деңгейге жетіп, өзіңді көрсету – тіпті біз үшін, Қазақстаннан шыққан жігіттер үшін де үлкен мотивация».
Еске салайық, УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің үшінші туры аясындағы әзербайжандық «Сабах» пен дортмундтық «Боруссия» арасындағы матч Бакудегі Олимпиадалық стадионда өтіп, 1:2 есебімен неміс клубының жеңісімен аяқталды. Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов матчты негізгі құрамда толық өткізіп, алты сейв жасады және Sofascore аналитикалық порталынан ойындағы ең жоғары бағалардың бірі – 8.3 деген бағаны иеленді. Үш турдан кейін «Сабахтың» еншісінде үш ұпай қалды. Бакулік клуб Чемпиондар лигасындағы келесі матчын 4 қарашада сырт алаңда норвегиялық «Викингке» қарсы өткізеді.
«Сабах» Чемпиондар лигасында «Боруссияға» жол берді: Покатиловтың бағасы белгілі болды
Әлім Динасылов