Матч орталығы
«Партизан» футболшысы: «Тобылдың» қолынан не келетінін білеміз
12 тамыз, 21:45

Фото: Милан Роганович
«Партизан» және Черногория құрамасының қорғаушысы Милан Роганович ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матч алдында «Тобыл» туралы қосымша ақпарат алғанын айтты.
«Сербиядағы алғашқы ойынның алдында Маркомен (Вукчевич) кездестік. Біраз сөйлесіп үлгердік. Бірақ «Тобыл» жайлы көбірек ақпаратты досым Неманьядан (Цавнич) сұрадым. Ол маған «Тобылдан» не күтуге болатынын айтып, команданың өте мықты екенін жеткізді», – деді Роганович.
Сонымен қатар 20 жастағы футболшы «Партизандағы» екі орталық жартылай қорғаушы жарақатына байланысты ойыннан тыс қалғанына қарамастан, позициясын өзгертпейтінін айтты.
«Иә, екі-үш жыл бұрын орталықта ойнағанмын. Бірақ қазір мен оң қапталдағы қорғаушымын. Бапкер де мені дәл осы позицияда көреді», – деді ол.
13 тамыз күні Қостанайда «Тобыл» «Партизанды» қабылдайды. Алғашқы матчта сербиялық клуб 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кездесудің басында Александр Зуевтің айып алаңына жасаған добынан кейін доп Милан Рогановичтің қолына тиген. Алайда португалиялық төреші Луиш Годинью бұл эпизодқа назар аудармай, ойынды жалғастыра берді.
Әлишер Аманжол