Матч орталығы
«Еңбек ақталды»: бельгиялық «Генк» 17 жастағы қазақстандықпен келісімшартқа отырғанын ресми мәлімдеді
8 қазан, 13:25

Фото: Шахмұрат Дәулетов
Бельгиялық «Генк» футбол клубы 17 жастағы қазақстандық вингер Шахмұрат Дәулетовпен алғашқы кәсіби келісімшарт жасасқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бельгияның төрт дүркін чемпиондарының баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы мәлімдеме жасап, соңғы екі жыл бойы клуб жүйесінде тәрбиеленіп жатқан жас ойыншының өсу қарқынын атап өтті.
«Еңбек ақталды. Шахмұрат Дәулетов «Генкпен» өзінің алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойды. Бүгін ол өзінің болашағын «көк-ақтармен» үш маусымға – 2029 жылдың жазына дейін байланыстырып отыр», – делінген бельгиялық команданың ресми хабарламасында.
Клубтың нақтылауынша, қазақстандық футболшы кәсіби деңгейдегі жолын елдің деңгейі бойынша екінші дивизионында өнер көрсететін «Йонг Генк» фарм-клубының сапында бастайды.
Шахмұрат Дәулетов «Генк» академиясына түріктің «Антальяспорынан» 2024 жылы ауысып келген болатын. Жақында 17 жастағы шабуылшы бельгиялықтардың негізгі командасы сапында «Фортунаға» қарсы жолдастық ойында дебют жасап үлгерді, сондай-ақ амстердамдық «Аякстағы» құрдастарының қақпасына гол соқты. Вингер жаңа клубында 77-ші нөмірмен өнер көрсетеді деп күтілуде.
Әлім Динасылов