Матч орталығы
Еуропа ұлттық құрамаларға берілген үш апталық үзіліске наразы: баяғы форматты қайтаруды сұрап отыр
10 қазан, 16:47

Фото: Футболдан Қазақстан құрамасы
Еуропа футбол федерациялары халықаралық матчтардың жаңа күнтізбесіне наразы, деп хабарлайды ASnews.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Дереккөздің хабарлауынша, Еуропадағы футбол қауымдастықтары УЕФА-ға жүгініп, ұлттық құрамалар ойындарына арналған үзілістердің бұрынғы форматын қайтаруды сұрамақ.
Осы маусымда қыркүйек пен қазан айларындағы үзілістер біріктіріліп, үш апталық бір кезеңге айналды. Соның нәтижесінде Еуропадағы футбол құрамалары Ұлттар лигасының төрт кездесуін 11 күн ішінде өткізуге мәжбүр болды.
Бейсенбі күні Берлинде өткен еуропалық футбол федерациялары өкілдерінің кездесуінде қатысушылардың басым бөлігі жаңа форматқа қарсы шықты.
Негізгі наразылық футболшыларға түсетін салмақтың артуы мен жарақаттардың көбеюіне байланысты. Халықаралық үзіліс кезінде жарақат алған ойыншылардың қатарында Килиан Мбаппе, Коди Гакпо, Александер Исак, Алекс Скотт және Брайан Бробби бар.
Шағын федерациялар жаңа күнтізбе құрамында таңдауы мол, ойыншылары көп ұлттық құрамаларға артықшылық береді деп қауіптенеді. Бұған қоса, кейбір қауымдастықтар қысқа уақыт аралығында өз алаңында өтетін екі матчқа билеттер сату кезінде қиындықтарға тап болған.
Федерация өкілдері бұрынғы жүйеге оралуды жөн көреді. Ол формат бойынша ұлттық құрамалардың ойындарына жылына бес рет екі апталық үзіліс қарастырылған.
Алайда бұл өзгерісті жүзеге асыру оңайға соқпайды. Себебі ФИФА халықаралық матчтар күнтізбесін 2030 жылға дейін бекітіп қойған.
Қазақстан құрамасы бұл үзіліс кезінде төрт матч өткізіп, екеуінде жеңілді, екеуінде тең түсті. Қазір екі ұпаймен Ұлттар лигасының С3 тобында соңғы орында келеді.
Ернар Ламқадыров