Матч орталығы
«Қорғаныста ойнауға тура келді»: Әмір Словакиямен өткен матч жайлы пікір білдірді
30 қыркүйек, 09:32

Фото: Жасұлан Әмір
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмір ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ұлттар лигасы аясындағы Словакияға (1:2) қарсы матчты қорытындылады.
Бүгінгі ойында барынша тырыстық, жүгірдік. Бірақ матч соңында гол өткізіп алдық. Жеңіске жету үшін де жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Өзіміз пайдалана алмай қалдық.
Бұл жақтағы деңгей мүлдем бөлек. Жылдам ойланып, шешім қабылдау керек. Өткен ойында шабуылға көп мән бердік. Ал бүгін көбіне қорғаныста ойнауға тура келді. Қарсыласымыз мықты болғандықтан, бапкердің тапсырмасы бойынша қарымта шабуылдарға иек арттық.
Астанада өтетін алдағы екі ойында жанкүйерлердің қолдауымен алты ұпай алуға тырысамыз. Бізде қазір толыққанды екі құрам бар. Бапкер әр ойында ротация жасайды деп ойлаймын», – деді Әмір.
Қазақстан құрамасы Кошицеде өткен Ұлттар лигасының екінші тур ойынында Словакияға 1:2 есебімен есе жіберді. Ұлттық құрама сапында жалғыз голды 35-минутта Рамазан Кәрімов дәл осы Жасұлан Әмірдің пасынан кейін соққан болатын.
Джон ван’т Схип шәкірттері келесі ойынын 2 қазанда Молдоваға қарсы өткізеді.
Әлім Динасылов