Матч орталығы
«Шешуші рөл атқарады»: Қазақстан құрамасында Исламханның басымдылығын айтты
23 қыркүйек, 18:07

Фото: Бауыржан Исламхан
Қазақстан ұлттық құрамасының медиа-офицері Әлімжан Тасболатұлы команданың тактикалық сызбаларындағы жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Менің ойымша, Фарер аралдары мен Молдоваға қарсы Бауыржан Исламхан негізгі құрамда шығып, шешуші рөл атқарады: бәлкім, гол соғар немесе нәтижелі пас берер. Фарер аралдары – өз алаңында ойнаса да, 90 минут бойы шабуылдайтын команда емес. Олар қорғаныста отырады, ойын тең дәрежеде өтуі мүмкін. Мұндай жағдайларда күтпеген жерден алыстан соққы жасай алатын немесе қитұрқы пас беретін футболшы қажет.
Өз алаңымызда Молдоваға қарсы біз бірінші нөмірмен ойнауымыз керек. Мұндай матчтарда да пас таратып, Максим Самородов сияқты шабуылшыларды ашатын ойыншы қажет. Исламхан – дәл осындай футболшы. Ал ол шаршаған сәтте бізде Исмаил Бекболат пен Жасұлан Әмір бар», – деді Тасболатұлы «Футбол Жолы» YouTube-арнасындағы подкастта.
Осы күзде Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясында Фарер аралдары, Словакия және Молдова командаларына қарсы матчтар өткізеді. Таяудағы кездесу 26 қыркүйекте сырт алаңда фарерліктерге қарсы өтеді.
Бауыржан Исламхан ұлттық команда сапындағы алғашқы ойынын 2012 жылдың ақпан айында өткізген. Оның еншісінде құрама сапында 56 матч бар. Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында «Астананың» жартылай қорғаушысы 24 ойынға қатысып, 2 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.
Әлім Динасылов