Матч орталығы
Сәтпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасы матчында өнер көрсете ме? Жарақатынан кейінгі жағдайы белгісіздік
6 қыркүйек, 17:53

Фото: Дастан Сәтпаев
«Бернли» сапында доп тебетін қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың неліктен «Бристоль Ситимен» болған ойынға қатыспағаны белгілі болды, деп хабарлайды ASnews.kz.
18 жастағы ойыншы «Мидлсбромен» өткен матчта (1:1) сан бұлшықетінен жарақат алып, бірнеше аптаға қатардан шыққан еді. Бас бапкер Ники Хайен форвардтың маусымалды дайындықты толық өткізе алмағанын алға тартып, бұл кадрлық шығынның команда үшін ауыр тигенін атап өткен болатын. Қазіргі таңда «Бернли» лазареті толы: Хайен жарақаттарға байланысты Лукас Пирес, Луи Бейер, Башир Хамфрис, Джош Каллен, Энок Аги, Джейдон Банель және Эшли Барнс сияқты ойыншылардың көмегінен де айырылып отыр.
Бұл жағдай Қазақстан ұлттық құрамасының жанкүйерлерін де алаңдатып отыр. Алдыда ұлттық команданы УЕФА Ұлттар лигасының C дивизионы (3-топ) аясында маңызды матчылар күтіп тұр:
26 қыркүйек: Фарер аралдары – Қазақстан
29 қыркүйек: Словакия – Қазақстан
2 қазан: Қазақстан – Молдова
6 қазан: Қазақстан – Фарер аралдары
Сәтпаевтың қыркүйек-қазан айларындағы осы ойындарға үлгеріп, ұлттық құрамаға көмектесе алатыны әзірге белгісіз. Барлығы 18 жастағы шабуылшының оңалту үрдісінен қаншалықты тез өтетініне байланысты болмақ.
Ағылшын клубына ауысқалы бері Дастан Сәтпаев жақсы динамика көрсетіп үлгерді. «Мидлсброға» қарсы өткен соңғы матчында қазақстандық шабуылшы алаңда негізгі құрамда өнер көрсетіп, матчтың ең үздік ойыншысы (MVP) атанған еді. Алайда кездесудің аяқталуына 9 минут қалғанда алаңды ақсаңдап тастап шығуға мәжбүр болған болатын.
Әлім Динасылов