Матч орталығы
Бьорн Йонсен: Әмірдің «Наполиде» ойнауға қауқары жетеді
2 қараша, 12:08

Фото: Бьорн Йонсен және Жасұлан Әмір
«Ордабасының» норвегиялық шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан құрамасының вингері Жасұлан Әмірдің болашағына баға берді.
«Ол ағылшын тілін оқып жатыр, екеуміз тәжірибе алмасып тұрамыз. Ол үшін ең бастысы – қолынан келетініне сену. Оның орнында болсам, бәрін біртіндеп жасар едім. Бірден ең жоғарғы деңгейге секірген дұрыс деп ойламаймын. Сәтпаевқа қараңыздаршы: ол «Челсиге» ауысты, бірақ онда ойнап жүрген жоқ. Ойын ырғағын сезініп, бейімделу үшін, апта сайын алаңға шығу үшін оған сәл төмендеу деңгейде ойнау керек. Әмір үшін мынадай нұсқа болуы мүмкін: үлкен клубпен келісімшартқа отырып, жалға кету. Көптеген ойыншылар алғашқы қадам ретінде Нидерланды, Бельгия немесе Чемпионшипке барады – бұл үйрену үшін жақсы деңгейлер. Әмір «Наполи» немесе осындай кез келген командада ойнай алатындай мықты, бірақ ол әлі жас, ұсақ-түйектерді үйренуі қажет. Ал бұл тек тұрақты ойын тәжірибесі арқылы келеді.
Кетуге ұсыныстар болды. Бірақ клуб үшін бұл ең жақсы нұсқа болмады, өйткені бізге чемпионатты жеңу керек еді. Келесі жылы оның Еуропаға кетіп, өз әлеуетін ашуға мүмкіндігі болады деп үміттенемін», – деді Йонсен.
ҚПЛ-2026 маусымының қорытындысы бойынша Жасұлан Әмір «Ордабасы» сапында Қазақстан чемпионы атанды. Премьер-лиганың өткен маусымында 19 жастағы хавбек 28 матч өткізіп, сегіз гол соқты және сегіз нәтижелі пас берді. Қазақстан Кубогында ол бес ойында үш гол мен бір ассист авторы атанды.
Жазда жартылай қорғаушыға бельгиялық «Зюлте-Варегем» айтарлықтай қызығушылық танытып, трансфер үшін 500 мың еуро ұсынған болатын. Сондай-ақ оған MLS-тің «Нью-Йорк Ред Буллз» және ресейлік «Балтика» клубтары назар аударды.
7 қарашада шымкенттіктер «алтын дубль» жасай алады – Қазақстан Кубогының финалында олар маусым қорытындысы бойынша жоғарғы дивизионмен қоштасқан қызылордалық «Қайсарға» қарсы ойнайды.
Әлім Динасылов