Матч орталығы
«Кейде тіпті жеңіске жетуге де қорқамыз»: Байсуфинов «Қайсардың» айналасындағы қауесеттерге қатысты пікір білдірді
31 қазан, 17:52

Фото: Талғат Байсуфинов
Қызылордалық «Қайсардың» бас бапкері Талғат Байсуфинов «Жеңіске» қарсы матчтың (1:2) букмекерлік кеңселер желісінен алынып тасталуы аясындағы психологиялық қысым мен футбол төңірегіндегі қауесеттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Кейде біз тіпті матчтарда жеңіске жетуге де қорқамыз. Осы жылдар бойы бұған қарсы күресіп келеміз. Жасым 60-қа таяды, мұның бәрі ізсіз кетпейді. Футболға бұлай қарауға болмайды деп есептеймін. Егер маған деген қандай да бір жеке өкпе-реніш болса – мархабат, мен байланыстамын, телефоным бар, өзіме айтыңыздар. Команданы, облысты және футболды дамытуға қомақты қаражат құйып отырған адамдарды ренжітудің қажеті жоқ», – деді Байсуфинов.
Сондай-ақ маман клубтар мен БАҚ өкілдері бірігіп қазақстандық футболдың беделін қорғауы маңызды екенін атап өтті.
«Біз, жарайды, бірінші рет емес, әрине, уайымдаймыз. Жаңа инвесторлар футболды көтеру үшін келді. Олар осындай сұмдық әңгімелерді естігенде, райынан қайтару қиын, бірдеңені дәлелдеудің өзі пайдасыз. [...] Көптеген адамдар өз инвестицияларымен және спортқа деген сүйіспеншілігімен келіп жатқандықтан, біз оларды түрлі өсек-аяңдар мен алып-қашпа сөздерден сақтауға тырысуымыз керек. Футболдың дамуы үшін мұндай жайттардың жолын кесу – біздің және БАҚ өкілдерінің мойнындағы міндет деп ойлаймын», – деп қорытындылады бапкер.
ҚПЛ-2026 маусымының қорытынды 30-тур ойындары алдында елордалық «Жеңіс» пен «Қайсар» арасындағы матч бірқатар букмекерлік кеңселердің желісінен алынып тасталған болатын. Бәс тігу операторлары бұл қадамға турнирлік интрига аясында барды: қызылордалықтар соңғы орында (25 ұпай) тұрып, лигада қалу үшін жанталаса күресіп жатқан еді, ал астаналық клуб турнирлік мотивациясынан айырылған болатын. Нәтижесінде «Қайсар» сырт алаңда 1:2 есебімен ұтылып, бірінші лигаға ұшып кетті.
Ахмет Ержанов