Матч орталығы
«Ақтөбеге» қатаң санкциялар қаупі төніп тұр ма? Оспановпен арадағы жанжалдың мән-жайы
25 қазан, 22:15

Фото: Арман Оспанов
«Ақтөбе» футбол клубы мен басқарманың бұрынғы төрағасы Арман Оспановтың арасында келіспеушіліктер туындағаны белгілі болды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, испандық жартылай қорғаушы Пабло Альварестің трансферін рәсімдеуге байланысты клубтың экс-басшы мен агент Алексей Люндовскийге сұрақтары туындаған.
Агенттік төлемдерді ала алмаған Германия азаматы Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсірген. Егер аталмыш орган Арман Оспанов қол қойған құжатты жарамды деп тапса, «Ақтөбе» өтемақы төлеуге міндеттеледі.
Оған қоса, дереккөздің хабарлауынша, «ақ-қызылдардың» өкілдері бірқатар келісімдерде бұрынғы басқарма төрағасының қолын мойындауға асығар емес:
«Шын мәнінде, Оспановта бірінші қол қою құқығы да болмаған – барлығы жоғары басшылықпен келісілетін. Егер олар кейбір қағаздардағы оның қолын жарамсыз деп санаса, онда ол бүкіл маусым бойы ойнаған футболшылармен жасалған басқа келісімшарттарда да өз күшін жояды. Сонда не болмақ? Бірінші лига ма?», – деп бөлісті жағдаймен таныс адам.
Еске салайық, бұған дейін «Ақтөбе» мәлімдеме жасап, онда Арман Оспанов бекіткен келісімдердің заңдық тексеруден өтіп жатқанын растаған болатын. Қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, клуб қаражатты сот арқылы өндіріп алуға ниетті, ал заңдылығы расталған кезде ойыншылар мен бапкерлер алдындағы қарызды өтейтінін мәлімдеген.
Функционер бұл қызметті биылғы жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін атқарды. Бүгінгі таңда басқарма төрағасы қызметін Бақытбек Дүзелбаев атқаруда. Егер команда чемпионат қорытындысы бойынша үздік бестікке кіре алмаса, ол қызметінен айырылып қалуы мүмкін.
Пабло Альварес биыл барлық турнирлерде 25 матч өткізіп, бір гол және екі нәтижелі паспен көзге түсті.
Әлишер Аманжол