Матч орталығы
«Ордабасыны» сүйрелеп жатыр»: экс-рефери «Ақтөбеге» қарсы матчтың төрелігіне баға берді
18 қазан, 13:48

Фото: «Ордабасы» ФК
Қазақстан премьер-лигасының бұрынғы төрешісі әрі инспекторы Серік Қошқаров ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Ақтөбе» мен шымкенттік «Ордабасы» арасындағы 23-турдың орталық матчындағы (1:3) даулы төрешілікке қатысты қатаң пікір білдірді.
«Кеше осы ойынды көрдім. Жанжалды матч болды. Чемпионаттың басынан бері өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, төрешілердің қателіктері «Ордабасының» пайдасына жасалып жатыр. Мамандар мен сарапшылар не болып жатқанын түсініп отыр. Кәдімгідей, «Ордабасыны» чемпиондыққа сүйрелеп жатыр.
Сосаның екінші голына келсек, оны жақсылап зерттеп көру керек. Осындай өте маңызды ойында мұндай голды санамау – қиын. Әрине, төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштру қазір төрешілерді қорғайтын болады. Былай қарасаң, гол таза сияқты, өйткені ешқандай әдейі жасалған қол қозғалысы болған жоқ. Керісінше, Соса соққы жасаған кезде қолын артқа тартқан сияқты. Мүмкін, сәл саусағы байқамай допқа тиген шығар. Төреші тіпті VAR-ды қарауға барған жоқ.
Сергей Малыйдың Сосаны ұруы жайлы айтатын болсақ, сол кезде де төреші VAR-ды қарауға барған жоқ. Бұл жерде ойыншы қарсыласты иығымен ұрғаны анық көрініп тұр. Малыйға қызыл қағаз көрсетілуі керек еді. Төреші қызыл қағаз көрсетуден қорықты. Не себептен қорықты? Себебі «Ордабасыны» чемпиондыққа сүйрелеп жатыр. Нәтиже өзгеріп кетеді деп қорқады. Басқа ойын болғанда, бұндай сәтте қызыл қағаз көрсетілетін еді», – деді Қошқаров.
Айта кетейік, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы ҚПЛ-дің 23-турындағы орталық кездесу шымкенттіктердің жеңісімен (3:1) аяқталды. Матч барысында бас төреші Антон Кучма бірнеше даулы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 73-минутта ол Даниэль Сосаның соққан голын қол тиді деген желеумен есепке алмаса, 87-минутта Сергей Малыйдың дөрекілігі үшін қазақстандық қорғаушыны алаңнан қуудың орнына, зардап шеккен нигерлік шабуылшының өзіне сары қағаз көрсетті. Бұл жағдай жанкүйерлер мен футбол мамандарының арасында үлкен дау тудырды.
Әлім Динасылов