Матч орталығы
«Жоғарыда болуға әлеуетіміз жетеді»: «Тобыл» бапкері – «Жеңісті» ұтқан жайлы
18 қазан, 10:16

Фото: Мирослав Ромащенко
«Тобылдың» бас бапкері Мирослав Ромащенко ҚПЛ-дың 23-турындағы кейінге шегерілген матчта «Жеңісті» ұтқаннан (4:2) кейін ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында өзекті сұрақтарға жауап берді.
– Сіз келердің алдында ғана «Жеңіс» бапкері Владимир Слишкович «Тобылды» елдегі ең мықты үш клубтың бірі деп санайтынын айтты. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?
– Осы командаға келген алғашқы күннен бастап футболшыларға: біздің әлеуетіміз – турнир кестесінің жоғарғы сатысында болу, – деп айтып келемін. Бірақ құр әлеуетпен ол жерге жету мүмкін емес. Бұл үшін бапкерлер мен медициналық штабтың, сондай-ақ ойыншылардың дұрыс әрі сапалы жұмысы қажет. Біз қазір осымен айналысып жатырмыз.
Слишкович деңгейіндегі бапкердің осындай жоғары баға бергені қуантады. Әріптесіме рақмет. Бірақ өз мақсатымызды жүзеге асыру үшін әлі де көп еңбектенуіміз керек.
– Бір қарағанда, жіберіп алған голдар ойын барысына сай келмеген сияқты. Жігіттердің қорғаныстағы ойынын қалай бағалайсыз?
– Матч бойы басымдыққа ие болған кезде, зейінді жоғалтып алу өте оңай. Кез келген адам қарсылықты сезінеді. Бірінші гол жіберіп алған сәтте біз қарсыласты дұрыс бағаламай, ойынға толық еніп үлгермеген сияқтымыз.
Қарсыласқа бұрыштама жалаушасының түбінен дерлік гол соғуға мүмкіндік беруге хақымыз жоқ – бұлай болмайды. Екінші гол да ойын логикасына сай келмеді, бірақ осының бәріне қарамастан, бізде жақсы сәттер аз болған жоқ. Қателіктерді түзейміз.
Оның үстіне, маған шабуылға құрылған ойын көбірек ұнайды. Бұл – эстетика және жанкүйерлердің стадионға келетін басты себебі. Команда осындай футбол көрсетуге қабілетті. Сондықтан мен үшін 1:0-ден гөрі 4:2 есебімен аяқтаған маңыздырақ. Менің филосияфиям осындай.
– Сіздер екі есе көп соққы жасап (12-ге қарсы 24 – авт.), бірнеше әдемі комбинациялар ұйымдастырдыңыздар. Бұл шабуылдағы үлгілі ойын болды деп айта аламыз ба? Әсіресе шетелдік жаңа ойыншыларға қатысты.
– Барлық жігіттер жақсы ойнады. Олардың алаңның кез келген бөлігінде жағдайды қалай бағалайтынын қараңызшы. Барлық жерде басымдық құруға және қысымнан шығу үшін бейімделуге тырысады. Иә, әрдайым ойдағыдай бола бермейді, бірақ бұл байқалып тұр. Жігіттерге допты бақылау және қысқа әрі орташа пастар арқылы алға шығу ұнайды.
Сондықтан мен құрамды бөліп-жармас едім. Барлығымыз ортақ іс жасап жатырмыз, жеңістің жетістігі де, кемшіліктердегі кінә да – тұтас командада.
– Футболда «егер» деген сөз жүрмейтіні түсінікті, бірақ матчты көріп отырып: бұл «Тобыл» «Партизанның» жас жігіттерімен кездессе (жалпы есеп 1:5) есеп қандай болар еді деген ой келді.
– Өте орынды, футболда болжам жасауға орын жоқ. Артқа қарайлаудың қажеті жоқ шығар, бірақ, білесіз бе, дәл бүгін ойын алдындағы нұсқамада «Партизанмен» болған матчты көрсеттік. Бұл қорғанысты ұйымдастырумен байланысты үзінділер еді, өйткені сол текетіресте біз қорғаныста құрылымдық жағынан шынымен де жақсы ойнадық.
Өкінішке қарай, бізде өрескел қателіктер болды және қазіргідей дайындық болмады. Сондықтан сербтермен болған ойынды біздің алғашқы нүктеміз ретінде қарастырар едім. Теориялық сабақтарда оған әрдайым қайта оралып, нені бастағанымызға қарай аламыз. Ал қазір болашаққа оптимизммен қараймыз.
Еске салайық, «Тобыл» «Жеңісті» ірі есеппен жеңіп, ҚПЛ кестесінде жетінші орынға табан тіреді. Келесі турда Мирослав Ромащенконың командасы «Қайсардан» (2:1) ерік-жігерінің арқасында басым түскен «Жетісумен» кездеседі.
«Ойыншыларды емес, мені сынаңыздар»: «Жеңіс» бапкері «Тобылдан» ұтылған матчты қорытындылады
Әлишер Аманжол