Матч орталығы
«Уразбахтин – сайқымазақ»: Григорий Бабаян Рафаэль Уразбахтинге жауап берді
17 қыркүйек, 21:35

Фото: Григорий Бабаян
Елордалық «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Қайратпен» (1:0) өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтинді қатаң сынға алды, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Өздеріңіз білесіздер, мен негізі барлық әріптестеріме құрметпен қараймын. Біз ешқашан сынамаймыз, мен Уразбахтиннің соңғы баспасөз мәслихатында айтқанын қайталай алмаймын. Бұлай істеу үшін ақылдан қалай керек шығар. Ол бүгінгі матчтың шегерілмегенін айтты. Оның үлкен футболда жүргеніне екі жыл ғана болды және көп нәрсені түсінбейді», – деп мәлімдеді елордалық клубтың бас бапкері.
Сондай-ақ Бабаян еурокубок кезіндегі клубтар арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып, әріптесінің «шапито» деген сөзіне жауап берді:
«Мен сіздерге былай айтайын: біз 2024 жылы Алматыда ойнадық. «Қайрат» бізге стадионын да, киім ауыстыратын бөлмесін де берген жоқ. Еуропада Қазақстанның намысын қорғаймыз деген сөзімізге олар біздің Қазақстан емес, Астананың атынан шығып жатқанымызды айтты. Екіншіден, біз «Браннмен» матчымыз бар екенін айтып, ойынды бір күнге шегеруді сұрадық. Ол бұл текетірес тарихын білмеуі де мүмкін. Сұрақ «Қайратқа» емес, Уразбахтинге қойылуы керек. Ол өзін кіммін деп ойлап жүр? Шынымды айтсам, мен қатты таңқалдым. Тіпті ол жай ғана эмоцияға беріліп кетті, кейінірек маған жазып, жағдайды түсіндіретін шығар деп те ойладым. Біздің мамандық – ең қиын мамандықтың бірі. Шапито? Мүмкін ол өзін сайқымазақпын деп айтқан шығар», – деп қорытындылады Бабаян.
«Астана Аренадағы» кездесу Рамазан Кәрімовтің соққан жалғыз голының арқасында 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойынның 11-минутында Әділет Садыбековке тікелей қызыл қағаз көрсетіліп, алматылықтар он ойыншымен қалды. Тур қорытындысы бойынша «Астана» 48 ұпай жинап, үшінші орынды нықтап табан тіресе, 57 ұпайы бар «Қайрат» чемпиондық бәсекеде екінші орынды сақтап қалды.
Әлім Динасылов