Матч орталығы
Иван Башич: «Ордабасыға» қарсы өз ойынымызды ойнаймыз
6 қыркүйек, 21:07

Фото: Иван Башич
«Астана» командасының босниялық жартылай қорғаушысы Иван Башич ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ҚПЛ-дың 25-турында семейлік «Елімайды» өз алаңында 4:0 есебімен жеңген матч туралы пікір білдірді.
«Елімайды» ірі есеппен жеңу және голға деген тәбеті туралы
— Алаңда ойлағанымыздың бәрі жүзеге асты. Апта бойы жаттығуда дайындаған және келісіп алған дүниелеріміздің барлығын матчта көрсете алдық. Тағы да бірнеше гол соғуға мүмкіндігіміз болды. 4:0 — жақсы есеп, Құдайға шүкір. Мұндай нәтиже бізде көптен бері болмаған еді.
Біз гол соғуға қатты ұмтылдық. Сондықтан есеп өзімізге қолайлы болып тұрса да, шабуылдауды тоқтатпадық. Барлық ойыншы гол соққысы келді. Бұл — жақсы көрсеткіш.
«Ордабасыға» қарсы алдағы матч туралы
— Келесі ойын «Ордабасыға» қарсы өтеді. Оларда жақсы атмосфера қалыптасқан, стадионға жанкүйерлер де көп келеді. Қазір олар бірінші орында және «Қайратпен» чемпиондық үшін таласып жатыр.
Біз Шымкентке өз футболымызды ойнау үшін барамыз. Ойын жақсы өтеді деп ойлаймын. Осы қарқынымызды әрі қарай да сақтаймыз деп үміттенемін, — деді босниялық жартылай қорғаушы.
Елордалық команда «Астана Аренада» «Елімайды» сенімді түрде жеңді. Алғашқы таймның басты қаһарманы Иван Башич болды. Ол бірінші таймның соңында екі гол соғып, дубль жасады — 40 және 45-минуттарда.
Үзілістен кейін Марин Томасов есепті 3:0-ге жеткізді. Ал 66-минутта Рамазан Каримов пенальтиден гол соғып, матчтың нүктесін қойды.
Осы жеңістен кейін «Астана» 45 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде үшінші орынға табан тіреді. Оның үстіне, елордалық клубтың артық бір ойыны бар. Осылайша, «Астана» көкшетаулық «Оқжетпеспен» ұпай санын теңестірді.
Қазіргі таңда «Ордабасы» 55 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында алматылық «Қайрат» (54 ұпай) келеді.
Ал Андрей Карпович жаттықтыратын «Елімай» жеңіссіз ойындар сериясын үш матчқа дейін жеткізді. Семейлік клуб 32 ұпаймен турнирлік кестенің алтыншы сатысында орналасқан.
Әлім Динасылов