Матч орталығы
Стас Покатилов Чемпиондар лигасында: матчтар, статистика, нәтижелер
25 қараша, 20:44

Фото: Стас Покатилов
«Сабахтың» капитаны әрі Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатилов тарихи маусым өткізіп жатыр: әзербайжан клубымен бірге ол Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде алғаш маусымын өткізуде. ASnews.kz қазақстандық қақпашының турнирдегі барлық статистикасын дайындады.
Турнирдегі жалпы көрсеткіштер
Төрт матчта Покатилов 360 минуттың барлығын алаңда өткізіп, 22 сейв жасады, оның тоғызы – айып алаңынан соғылған соққылардан. 10 гол өткізіп, бір рет қақпасын таза сақтады. Өзіне соғылған жалғыз пенальтиді тойтарды. Sofascore бойынша орташа бағасы – 7,93, сондай-ақ 3,12 голдың алдын алды.
Турлар бойынша
Тур | Қарсылас | Есеп | Сейв | Sofascore бағасы | Алдын алған голдар |
1 | «Манчестер Юнайтед» (қ) | 0:4 | 5 | 6,3 | −0,06 |
2 | «Славия» (ү) | 2:0 | 6 | 9,7 | 1,4 |
3 | «Боруссия» Д (ү) | 1:2 | 6 | 8,0 | 1,04 |
4 | «Викинг» (қ) | 1:4 | 4 | 7,7 | 0,74 |
Алдын алған голдар – қақпаға соғылған соққылардың қауіптілігін қақпашының шын мәнінде өткізген голдарымен салыстыратын көрсеткіш. Оң мән қақпашының өзінен күтілгеннен көбін құтқарғанын білдіреді.
1-тур. «Манчестер Юнайтед» – «Сабах» 4:0
10 қыркүйек, «Олд Траффорд». Покатилов үшін де, «Сабах» үшін де Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі дебют. Голдарды Матеус Кунья (27), Бруну Фернандеш (42), Беньямин Шешко (45) және Лисандро Мартинес (68) соқты.
5 сейв, оның екеуі – айып алаңынан соғылған соққылардан. Sofascore бағасы – 6,3, алдын алған голдары шамалы минуске кетті. Яғни қақпашы осындай жүктемеде өзінен күтілген деңгейде ойнады: артығы да, кемі де жоқ.
Стандартты жағдайдан кейін өткізілген төртінші голды Sofascore Покатиловтың голға әкелген қатесі деп есептеді.
2-тур. «Сабах» – «Славия» 2:0
13 қазан, Бакудегі Олимпиада стадионы. Покатиловтың турнирдегі ең үздік матчы әрі «Сабахтың» еурокубоктің жалпы кезеңіндегі тарихтағы тұңғыш жеңісі. Голдарды Кахим Пэррис (49) мен Джой-Ланс Миккельс (88) соқты.
6 сейв, оның төртеуі – айып алаңынан. Бағасы – 9,7, матчтағы ең жоғары көрсеткіш. 1,4 голдың алдын алды, бұл турнирдегі кез келген басқа ойыннан да көп: 2:0 есебімен аяқталған матчта дәл қақпашының жұмысы есептегі айырмашылыққа айналды.
3-тур. «Сабах» – «Боруссия» Дортмунд 1:2
20 қазан, Баку. Серу Гирасси дубль жасады (10, 53), Эйден Маккарти 39-минутта бір голды қайтарды.
6 сейв, бағасы 8,0, 1,04 голдың алдын алды. Екі сейв айып алаңынан соғылған соққылардан келді, бір допты қақпашы жұдырықпен ұрып шығарды. Есте қалғаны – Джоуи Верманның соққысынан кейінгі сейв.
Сонымен бірге Sofascore Покатиловқа голға әкелген қате жазды: «Боруссияның» бірінші голы оның қақтырған добынан кейін келді, Гирасси жақын қашықтықтан дәл соқты.
4-тур. «Викинг» – «Сабах» 4:1
4 қараша, Ставангер. «Сабах» 11-минутта Орфе Мбинаның голымен алға шықты, бірақ төрт гол өткізді: Эрик Ботхейм (27 және 94), Златко Трипич (69) және Хенрик Фалкенер (81). 77-минутта қонақтар VAR шешімімен Эйден Маккарти қуылғаннан кейін он адаммен қалды.
Басты эпизод – 69-минут: Покатилов Трипичтің пенальтиін тойтарды, бірақ норвегиялық допқа бірінші жетті. Бұл – қазақстандық қақпашының турнирдегі жалғыз тойтарған пенальтиі.
4 сейв – турнирдегі ең аз көрсеткіш, бірақ бағасы 7,7 және 0,74 голдың алдын алды: төрт гол өткізсе де, қақпашы күтілгеннен жоғары ойнады. Бұл матчта Sofascore оған голға әкелген қате жазбады, керісінше қақпадан сәтті шыққанын және жоғарыдан түскен екі допты сенімді иеленгенін атап өтті.
«Сабахтың» жалпы кезеңде қалған матчтары: «Барселона» (үйде, 25 қараша), «Вильярреал» (қонақта, 8 желтоқсан), «Наполи» (үйде, 20 қаңтар), «Арсенал» (қонақта, 27 қаңтар).
Еске сала кетейік, Стас Покатилов 1992 жылғы 8 желтоқсанда Оралда дүниеге келген. Әзербайжанға кетер алдында «Ақжайық», «Шахтер», «Ақтөбе», «Қайрат» және «Тобыл» командаларында ойнады. «Қайратта» алты жыл ойнап, 147 матч өткізді. «Сабахқа» 2025 жылдың қаңтарында ауысты, 2026 жылдың мамырында клуб онымен келісімшартын тағы бір маусымға ұзартты. Қазақстан ұлттық құрамасында – 31 матч.
Айта кетейік,ЧЛ негізгі кезеңге «Сабах» төрт іріктеу кезеңінен өтіп, «Нью Сейнтс», КуПС, «Орхус» және Беэр-Шевадан «Хапоэльді» жеңді.
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Ахмет Ержанов