Матч орталығы
«Сабах» Чемпиондар лигасында «Боруссияға» жол берді: Покатиловтың бағасы белгілі болды
20 қазан, 23:39

Фото: Стас Покатилов
Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатилов өнер көрсететін әзербайжандық «Сабах» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур матчында дортмундтық «Боруссиядан» өз алаңында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бакудегі Олимпиадалық стадионында өткен кездесу 1:2 есебімен германиялық қонақтардың пайдасына аяқталды. Матчтың 10-минутында дортмундтықтардың шабуылшысы Серу Гирасси есеп ашты. Бірінші таймның соңына таман алаң иелерінің қорғаушысы Эйден Маккарти таразы басын теңестіргенімен, 53-минутта Гирасси дубль авторы атанып, қорытынды есепті орнатты.
Командасының жеңілісіне қарамастан, матчты негізгі құрамда толық өткізген Стас Покатилов жеке шеберлігімен ерекшеленді. Sofascore аналитикалық порталы қазақстандық қақпашыға матчтағы ең жоғары бағалардың бірін – 8.3 балл қойды. 90 минут ішінде Покатилов алты сейв жасады. Кеңейтілген статистика да оның сенімділігін айқындай түседі: күтілетін голдар көрсеткіші 3.07 болғанымен, қақпашы 1.07 айқын голдың алдын алды.
Ойналған үш турдан кейін «Сабахтың» еншісінде үш ұпай бар, ал дортмундтықтар алты ұпай жинады. Командалар жалпы кезең аясындағы келесі матчтарын 4 қарашада өткізеді: бакулік клуб сырт алаңда норвегиялық «Викингке» қонаққа барса, «Боруссия» өз стадионында испаниялық «Бетисті» қабылдайды.
Әлім Динасылов