Матч орталығы
«Қарсыластарға оңай гол соғуға мүмкіндік беріп жүрміз»: «Бернли» бапкері командасының сәтсіздіктеріне тоқталды
24 қазан, 14:11

Фото: Дастан Сәтпаев
«Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен «Линкольнге» қарсы сырт алаңдағы матч алдында командасының Чемпионшиптегі алғашқы 11 турда не себепті 21 гол жіберіп алғанын түсіндірді, деп хабарлайды ASnews.kz Burnley Express басылымына сілтеме жасап.
Қорғаныстағы қиындықтар жеке ойыншылардың қателігінен бе, әлде командалық жүйедегі олқылықтардан ба деген сұраққа жауап берген маман футболшылардың қорғанысқа қайта оралу кезінде жеткілікті деңгейде жұмыс істемейтінін мойындады.
«Әрине, маусым басында қақпамызға тым көп гол жіберіп алдық. Тек «Суонси» мен «Норвичке» қарсы кездесулердің өзінде жеті гол өткіздік. Алайда халықаралық үзілістен кейін командамыздың ойынында жүйе пайда болды. Қазір бұрынғыға қарағанда тұрақты әрі сенімді ойнай бастағанымыз байқалады.
Біздің соғатын голдарымыз — команданың нақты әрі әдемі комбинациялық ойынының нәтижесі. Ал қақпамызға жіберіп алатын голдар кейде ойыншылардың қорғанысқа қайту кезінде бар күшін салмауынан және қарсыластың соққыларына тосқауыл қоя алмауынан туындайды. Соның салдарынан қарсыластарға оңай гол соғуға мүмкіндік беріп жүрміз. Ең алдымен, осы мәселені шешуіміз керек.
Осы аптада дәл осы кемшілікті түзетуге ерекше көңіл бөлдік. Сонымен қатар стандартты жағдайлар бойынша да жан-жақты жұмыс жүргіздік. Қай бағытта еңбектену керектігін жақсы білеміз», — деді маман.
«Бернли» сапында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев өнер көрсетеді. Жақында жарақатынан айыққан ойыншы «Вулверхэмптонға» қарсы соңғы кездесуде алаңға қосалқы құрамнан шықты. Алайда оның командасы 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Қазіргі таңда «Бернли» Чемпионшипте қиын кезеңді бастан өткеруде. Команда 11 турда небәрі 8 ұпай жинап, турнир кестесінде 22-орында келеді.
Дастан Сәтпаев осы маусымда Чемпионшиптің бес матчына қатысқанымен, әзірге нәтижелі әрекетпен көзге түскен жоқ.
Әлім Динасылов