Матч орталығы
Тағы да ойыннан тыс: «Крылья Советов» Чесноковсыз өткен матчта жеңіліп қалды
17 қазан, 18:10

Фото: Ислам Чесноков
Самаралық «Крылья Советов» Ресей премьер-лигасының 11-туры аясында өз алаңында өткен матчта жеңіліс тапты. Қазақстандық вингер Ислам Чесноков тағы да алаңға шықпай, қосалқы құрамда қалды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Лига аутсайдері мәртебесінде келген воронеждік «Факелге» қарсы кездесу 1:2 есебімен аяқталды. Қонақтар 17-минутта Клейтонның голы арқасында есеп ашты, алайда 25-минутта Мартин Крамарич таразы басын теңестірді. Воронеждіктерге жеңісті Матвей Бардачевтің дәл соққысы әкелді.
Осы сәтсіздіктен кейін самаралықтар 12 ұпаймен РПЛ турнирлік кестесінде оныншы орынға түсті. «Факел» алты ұпай жинап, 15-орынға көтерілді. «Крылья Советов» келесі матчын 24 қазан күні сырт алаңда қазандық «Рубинге» қарсы өткізеді (басталуы – Қазақстан уақытымен 19:15-те).
Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы ресейлік клубта тағы да қосалқы құрам орындығында қалып, ойын тәжірибесінің жетіспеушілігін сезінуді жалғастыруда.
Қазақстандық вингер самаралықтар сапына 2026 жылдың 18 тамызында қосылды. Одан бері оның жеке көрсеткіштері мынадай:
Чемпионаттағы мүмкін болған жеті матчтың ішінен Чесноков төрт ойынға қатысты. Әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түспеді, бірақ екі сары қағаз алды. Қазақстандық футболшы ойындардың 43%-ында негізгі құрамда шығып, алаңда жалпы ойын уақытының небәрі 29%-ын ғана өткізді.
Ресей Кубогы аясында жартылай қорғаушы бірде-бір минут ойнамады, ол команданың мүмкін болған үш матчында да ойыннан тыс қалды.
Ахмет Ержанов