Матч орталығы
«Сәтпаев жоғары деңгейге дайын»: «Бернли» бапкері – Дастанның физикалық бабы мен позициясы туралы
30 тамыз, 11:40

Фото: Дастан Сәтпаев
Англиялық «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың Чемпионшип қарқынына дайындығын егжей-тегжейлі бағалап, оның алаңдағы позициясын ауыстыруына қатысты пікір білдірді.
Командадағы ең жас ойыншының физикалық және психологиялық дайындығы туралы сұраққа жауап бере отырып, бапкер форвардтың жоғары әлеуетін атап өтті:
«Біз Дастанды трансферге дейін-ақ жақсы білетінбіз: көп бейнекескіндерін қарап, ол туралы егжей-тегжейлі ақпарат жинадық. 18 жастағы жігіт үшін оның физикалық тұрғыда өте мықты екенін түсіндік. Бұны бүгін алаңда өздеріңіз де көрдіңіздер: ол тоқтамай жүгірді, алға ұмтылыстар жасады, жоғары қарқын мен зор қуат көрсетті.
Ол Чемпионшипке өте жақсы бейімделді және тіпті одан да жоғары деңгейге дайын. Оның шеберлігі жоғары, оны іс жүзінде де дәлелдеді. Әрине, мұндай ойынды ол апта сайын, матч сайын тұрақты көрсетуі керек. Біз оның ойын уақытын дұрыс реттеуге тырысамыз, ал құрамдағы тәжірибелі әріптестері оған көмектесіп, дұрыс бағыт-бағдар береді», – деді Хайен.
Ойын барысында Сәтпаевтың позициясын ауыстыруы туралы сұраққа жауап берген бас бапкер бұны эксперимент екенін жоққа шығарды:
«Жоқ, бұл эксперимент емес. Мен оның ең үздік позициясы сол қаптал екенін анық білемін. Дегенмен Дастан кез келген жерде қауіп төндіре алады. Егер қарсылас оған қарсы қиналып, Дастанның оң қапталда да нағыз қауіп тудыра алатынын көрсем, неге бұл мүмкіндікті пайдаланбасқа? Бірақ оның негізгі позициясы сол жақ қаптал мен бос аймақтар екенін жақсы түсінеміз», – деп түйіндеді «Бернлидің» бас бапкері.
Чемпионшиптің үшінші туры аясындағы «Норвич Ситиге» қарсы кездесуде (1:4) Дастан Сәтпаев чемпионатта алғаш рет «Бернлидің» бастапқы құрамында алаңға шығып, толық 95 минут өнер көрсетті.
Команданың жеңілісіне қарамастан, 18 жастағы қазақстандық футболшы сараптамалық сервистерден 7.6 балл алып, «Бернли» сапындағы ең үздік, ал матчқа қатысқан барлық футболшылар арасында үшінші үздік ойыншы атанды.
Ерғанат Қабдулқақ