Матч орталығы
Қуат, Исламхан және Тұрысбек: төреші бола алатын футболшылар аталды
25 қыркүйек, 08:05

Фото: Бауыржан Исламхан және Бауыржан Тұрысбек
Жоғары санатты ұлттық төреші Әлібек Әубәкіров белгілі қазақстандық футболшылардың арбитр рөліндегі әлеуетін бағалады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Маман кейбір ойыншылардың беделі алаңдағы қысыммен сәтті күресуге көмектеседі деп санайды, алайда мінез-құлқындағы мәселелерге байланысты кейбір үміткерлерге қатысты сұрақтар бар.
«Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Әлібек Қасым және Бауыржан Тұрысбектің жақсы төреші болуға әлеуеті бар. Бірақ Тұрысбекке қатысты сұрақтар бар – оның құрамада да, клубта да тәртіпке қатысты мәселелері болды. Бауыржанның матчтан кейінгі тәртібі ақсап жататын, бәлкім, қазір де солай шығар – бұған өзім куә болғам.
Егер олар мансабын аяқтағаннан кейін футболда қалғысы келсе, бапкерлік немесе менеджерлік емес, дәл осы төрешілік қызметті қарастыруы керек. Қуат, Исламхан және Қасымнан ФИФА-ның тамаша реферилері шығар еді. Алаңда оларға ешкім: «Сен өзі кімсің және қайда ойнадың?» деп айта алмайды. Олар өздерінің кім екенін және қайда ойнағанын айтып, өздері-ақ жауап бере алады», – деді Әубәкіров U-SPORT арнасындағы подкаст барысында.
Биылғы маусымда Исламбек Қуат елордалық «Жеңіс» сапында өнер көрсетеді. Ол барлық турнирлерде 26 матч өткізіп, екі гол, үш нәтижелі пас берді және бір қызыл қағаз алды.
Бауыржан Исламхан мен Әлібек Қасым «Астананың» намысын қорғайды. Исламханның еншісінде 27 ойын, соғылған үш доп және 10 голдық пас бар, ал Қасым 17 матчта ойнап, өз активіне екі гол, екі ассист және бір рет алаңнан қуылу жазасын жазды.
Өз кезегінде Бауыржан Тұрысбек кәсіби мансабын 2025 жылы аяқтады. Әр жылдары ол «Қайрат», «Тобыл», «Шахтер», «Жетісу» және басқа да бірқатар клубтарда өнер көрсетті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында экс-шабуылшы 14 матч өткізіп, үш гол соқты.
Ахмет Ержанов